«Шприцтер көшеге дейін шашылып жатыр»: Алматылықтар нашақорлардан құтыла алмай отыр
Тұрғындар жергілікті биліктің шара қабылдамағанын айтады

Алматының Алатау ауданына қарасты бүтін бір көшенің тұрғындары иесіз ғимаратты «басып алған» маскүнемдер мен нашақорлардан құтыла алмай келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, қаңғыбастар мен маскүнемдер қос қабатты үйге «ине салу» үшін жиналады. Тұрғындардың сөзінше, нашақорлар бұл жерге таңнан бастап жинала бастайды да, түннің бір уағына дейін болады. Тұрғындардың көзге ілінер дүниесі болса бірден қолды болады екен. Тіптен, көліктерін де көшеге қоя алмайды. Топ-топ болып жүретін маскүнемдер машинаның терезесін сындырып, іштегі заттарын тонап кететін көрінеді.
«Бұл сұмдықтың басталғанына 8 жыл болды. Үйдің иесі де ондаған жылдан бері жоқ болып кетті, сотталып кетті ме, өліп қалды ма, ол жағы бізге белгісіз. Қаңғыбастар, алқаштар мен нашақорлар жиналады. Қақпаның алдында тұрған машинамның терезесін сындырып, навигатор, антирадар, автомагнитола сынды салондағы өзге де құнды заттарымды тонап кетті. Учаскелік полиция ешқандай шара қолданбайды. Нашақорларды қамағанда, не істейді? Олардан алатын ештеңе жоқ. Маған «Міне, алдыңда тұр, не істейсің бұларға? Ұрсаң, мен сені қамаймын, ал саған шара қолдануға болады» деп ашық айтты. Полицияға сенуден қалдық», - дейді Ақжолтай көшесінің Сергей есімді тұрғыны.
Бұл аумақтың бейресми атауы «автобаза». 2014 жылы Боралдай кентінен бөлініп, Алматының қарамағына өткен. Бірақ қалаға қарағанымен, жағдай жақсармаған. Ғимараты аяқсыз қалған қос қабатты үйдің иесін де ел танымайды. Есесіне, құмырсқадай үймелеп келіп жататын маскүнемдерге ересектердің ғана емес, кішкентай балалардың да көзі үйренген.
«Міне, немерелерімді қарап жүрмін. Ойнағылары келеді. Бірақ баланы көзден таса қылуға қорқамыз. Шашылып жатқан шприцтер, арақ шөлмектері. Бәрі тәлтіректеп кіріп-шығып жатады... Бұл алқаштардың орталығы менің қоршауыма жапсарласа орналасқан. Қандай ауру тарап жатқанын кім білсін?! Құтыла алмадық... Өзіміз тікелей баруға қорқамыз, қаптап жүрген қалың маскүнемнің немерелеріме зияны тиіп кетуі мүмкін», - дейді боралдайлық Табысқан Семейұлы.
22 сотық жерде жартылай салынған ғимараттың іші-сырты шағын қоқыс полигонына айналған. Шприц, ине, мүшеқап пен арақ шөлмегі сынды қолданудан қалған заттар көшеге дейін шашылып жатыр. Кішкентайлардың ойыншығына айналып кете ме деп қорыққан тұрғындар қауіпті заттарды амалсыз өздері жинауға мәжбүр.
«Бірі келіп, екіншісі кетіп жатады. Соңғы жылдары тұрақты өмір сүрді. Қыста екінші қабатқа матрастарын шығарып, от жағып күнелтті. Мотоциклмен наркодилер келген соң бәрі қаптай бастайды. Ұзын саны отызға таяу. 5-10 адам болып топталып келеді. Біздің талабымыз – жауапты органдар бұл ғимараттың иесін тауып, маңайды тәртіпке келтірсе. Шприцтерді әлі күнге жинап келемін. Ұлым үш жаста болатын, қазір ер жетті. Балалар ұстап қоймасын деп қалдықтарын жинап, өртеп жүрмін. Міне, небір сұмдық заттар жатыр, соларды жинау – менің жұмысым», - дейді Сергей.
«Бұл жер алқаштар мен нашақорлардың притоны. Екінші қабатқа шығып ұйықтау үшін ғимараттың ішінде баспалдақ жоқ. Жанасып тұрған менің қорама шығып, ары қарай өздерінің мекеніне секіреді. Биліктің бұл жерге қалай тәртіп орнататынын білмеймін. Реттей алады дегенге сенбеймін. Жиналатын алқаштардың өздері – ауру адамдар. Сондықтан, әкімдікке мәселені шешу қиынға соғады», - деді Ақжолтай көшесінің тұрғыны Владимир Самолкин.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қалалық Полиция департаментіне сауал жолдадық. Әзірге жауап бермеді. Ал Алатау ауданының әкімдігі әдеттегідей, үнсіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы