Алматыда карантин кезінде 75 мың кәсіпкер салықтан босатылған
Қалада 34 жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған
Карантин кезінде Алматы әкімдігі 75 мың кәсіпкерді салықтан босатқан. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, тағы 127,3 млрд теңгеге қатысты 360 мың борышкердің төлемі кейінге шегерілген. Оның ішінде, 72 млрд теңге 2889 шағын және орта бизнес өкіліне тиесілі.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап экономиканың неғұрлым көбірек зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілері пандемия жағдайына байланысты еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босатылған.
Туризм, қоғамдық тамақтану және қонақүй қызметтері саласындағы бизнес өкілдерінің қарызы 1 қазанға дейін шегерілді. Микро, шағын және орта бизнес үшін барлық салық түрлері бойынша төлеу мерзімі кейінге қалдырылып, еңбекақы төлеу қорына байланысты салықтар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді жою енгізілген.
«Төтенше жағдай режимі кезінде Алматы қаласының әкімдігі ірі сауда нысандары мен кәсіпорындардың иелерімен қызметін тоқтатқан кәсіпкерлерден жалдау ақысын алуды тоқтата тұру туралы ұсыныс сипатындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, жалға берушілердің көпшілігі төлем жүргізуді тоқтатып, халық жағдайын түсіністікпен қабылдады», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
ТЖ және карантин режимі кезінде ірі сауда объектілерінің (СОО, СО, СҮ және 153 базар) меншік иелері 36 717 адамнан жалдау ақысын алуды тоқтатқан. Қаржылық қиын жағдайға байланысты сауда орталықтары жалдау құнын 20-30% - ға төмендеткен.
«Жалпы, жыл соңына дейін мемлекеттік меншік нысандарының 1111 кәсіпкері 376 млн теңге сомасында жалға беруден босатылды. Бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар ШОБ субъектілерін қолдайды. Осыған байланысты, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Кредит беру сомасы 7 млрд- қа дейін ұлғайтылды. Салалық шектеулер алынып тасталып, кәсіпкерлер үшін ставканы 6% деңгейінде біріздендіру шаралары қабылданды. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында, республикалық бюджеттен қосымша 3,9 млрд теңге бөлінді», - деп түсіндірді ол.
Бүгінгі күнге дейін 54,6 млрд теңгегені құрайтын 245 жобаға қолдау көрсетіліпті. Кәсіпкерлік ел экономикасының тұрақтануына тікелей байланысты болғандықтан жеңілдікпен несие беру сынды түрлі бағдарламалар іске аспақ. Мәселен, қазір «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның бюджеті 2 млрд теңгені құрайды. 513 млн теңге сомаға 34 жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 100-ден астам бизнес жоба 6% несиемен қамтамасыз етіледі.
«Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасына соманы 300-ден 500 миллион теңгеге дейін ұлғайту, сыйақы мөлшерлемесін жылдық 7% - дан 6% - ға дейін азайту секілді өзгерістер енгізілді. Осы бағдарламаның бюджеті - 12,3 млрд теңге. Оның ішінде, фармацевтикалық компанияларды кредиттеу үшін бөлінген қаржы - 5 млрд теңге. Бүгінгі таңда 5,9 млрд теңгеге 46 жоба қаржыландырылып, 1 млрд теңгеге 13 жоба мақұлданды», - деді Е. Оразалин.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы