$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.09.2020, 12:25
Қоғам

«Қызым валериана ішеді»: Онлайн сабақтан шаршаған ата-аналар ақылы орталықтарға жүгінуге мәжбүр

Орталықтағы мұғалімдер оқушыларға онлайн сабақтың түсінбеген тұстарын үйретіп, тапсырмаларды орындауға көмектеседі

«Қызым валериана ішеді»: Онлайн сабақтан шаршаған ата-аналар ақылы орталықтарға жүгінуге мәжбүр
Фотоколлаж

Алматы облысында онлайн сабақтан шаршаған ата-аналар балаларын ақылы оқу орталықтарына беріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Ата-аналардың алғысынан бөлек, жақсы табыс тауып жатқан педагогтің бірі – Лилия Үсенқызы. Оның «АБВГДейка» атты шағын балалар орталығы бүгінде оқушылардан босамайды. Таңғы сағат сегізден кешкі тоғызға дейін үздіксіз жұмыс істейтін білім орталығы тек орыс сыныптарына ғана арналған.

«Педагогика саласында 27 жылдық тәжірибем бар. Бірақ мектептен шығып, жеке оқу орталығын аштым. Мектепке барғым келмейді. Мамандығым орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш сыныптарға да сабақ беріп келдім. Онлайн оқу балаларға ғана емес, ата-аналарға да қиын соғып жатыр. Сондықтан олар балаларын бізге береді. Сыныптағы пән мұғалімдерінің айтқандарын осында тыңдап, тапсырмаларды бірге орындайды. Міне, қазір мына балалар видео-онлайндағы апайларын тыңдағанымен, оның не айтқанын толық ұққан жоқ. Жалыққан соң орындарынан тұрып кете береді. Кері қайтарып, мұғалімнің тапсырмаларын тағы қайталап, бірге түсінуге тырысамыз. Орталық күніне 10-12 сағат ашық тұрады», - деді үзілістің арасында жұмысын түсіндірген педагог Лилия Аблаева. 

Оқу орталығын ашқандар  қазіргі онлайн білім алудан балалар ғана емес, ата-аналардың да қатты шаршағанын айтады. Тіптен ұл-қызымен үлкендер жиі жандалдасатын болған.

«Төрт балам бар. Түске дейін екеуі, түстен кейін тағы екеуі оқиды. Мектептен компьютер береміз деген еді, үйде интернет болмаған соң алмадық. Телефонмен оқып жатырмыз. Әсіресе, биыл бірінші сыныпқа барған кіші ұлыма қиын, жалығып тұрып кетеді. Ал оқу орталықтарының ақысы біз үшін қымбат. Амалсыз үйде улап - шулап онлайн білімді телефон арқылы оқыған болып жатырмыз. Бәрінің телефонында тариф жоқ, менің телефоныма жүгіреді», -  деді көпбалалы ана Анар Садуақасова.      

Бұрын бұл ғимарат баланы мектепке дейін дайындау мен қосымша сабақ беретін шағын  мекеме болған. Қазіргі сұранысқа байланысты мектеп оқушыларына көмек көрсету орталығына айналды. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында әр сабақта 4-5 оқушыдан ғана отырады.

«Қашықтан оқу жүріп жатқандықтан қызымды осында әкеліп жүрмін. Үйде компьютермен берген тапсырмаларды тыңдау қиын әрі қызықсыз. Мына жерде басқаша, баланы қызықтырып, білімге  құштарлығын арттырады. Жылдам оқу, есеп шығару, қатесіз жазу сынды көптеген тапсырмаларды түрлі әдістер, құралдар арқылы орындатады. Мұғалім алдында тұрған соң баланың басына білім де тез қонады», - деді Әсия Байрамғалиқызы.

«7 жастағы ұлым биыл  бірінші сыныпқа барды. Қазір ел көлеміндегі білім беруді қашықтан оқыту деп атауға келмейді. Ата-аналар амалсыз жұмыстан шығып, ақыл-кеңесін беру үшін  балаларының қасында қалуға мәжбүр. Бұл психикалық тұрғыдан өте ауыр. Біз қиындықтан шығудың жолы ретінде баламызды осы орталыққа  әкелдік. Бұл жұмыстағы үлкендерге де, тіптен үй шаруасымен отырған аналарға да, мектептің бағдарламасын түсінбейтін ересектерге де көп жеңілдік береді.  Ең бастысы, мұндай жерлерде балаларға жақсы, жете  көңіл бөлінеді. Жанымыз тынышталғандай болды», - дейді Анна Ральникова.

Ақылы орталықтардың құны айына 20-30 мың теңге аралығында. Ондай бағаны отбасында бірнеше оқушысы бар ата-аналардың қалтасы көтермейді. Ал үйінде сабақ оқитын оқушылардың кейбірі онлайн оқу кезінде дәрі қабылдайтын дәрежеге жеткен.

«Оқу балаларға да, ата-аналарға да стресс болып жатыр. Менің өзімнің қызым 8-сыныпта оқиды. Қалай сабақ басталады, оның аяқ-қолы дірілдей бастайды. Валерианаға «отырып алды». Себебі, жүктеме тым көп. Онлайнда үй тапсырмасы берілмейді дейді, есесіне сабақ үстінде орындайтын тапсырмалар көп. Телефонның ар жағында тұрған мұғалімнің айтқанын түсініп үлгермейді әрі мұғалімдер де сабақты  қарқ қылып жатқан жоқ. Тапсырманы жүктеп тастаған соң түсінбеген балалар ашулана бастайды, көмек сұрайтын жан жоқ. Ал ата-аналары айғайға басады, сонымен үйде ұрыс басталады. Балаларын әлі де осында беруге келіп жатқан адамдар көп. Олар оқуға көмектесіңіз деген өтінішпен келеді. Үйде балаларымен жиі жанжал туындайтынын, сондықтан сабақты осында оқытқысы келетінін айтады. Орталық шағын болған соң күніне 20-25 балаға сабақ беремін. Қазақ сыныбында оқитын оқушылардың да ата-аналары көмек сұрап жиі келеді. Өкінішке қарай, тек орыс тілінде ғана топтар бар. Орталық шағын болғандықтан оларды кері қайтарып жатырмыз», - деді Боралдай кентінің тұрғыны Лилия Аблаева.

Жалдамалы ғимаратқа бас сұғушылар саны күн сайын көбейіп жатыр. Бірақ бәрін қабылдауға мүмкіндік жоқ. Қазір Боралдай кентіндегі  №15, 17 және Жайнақ ауылындағы №40, КазЦИК елді мекеніндегі №6 мектептердің оқушылары осында келіп жүр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары