Болат Назарбаевтың қоры оқушыларға 500 ноутбук сыйлады
Техника аз қамтылған отбасылардағы озат оқушыларға берілді
«SALIQALY URPAQ» қайырымдылық қоры оқу озаттары мен жақсы оқитын оқушыларға 500 ноутбук сыйлады, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
«Қазіргі уақытта қашықтан оқу форматын ескере отырып, бұл өте жақсы көмек. Балалардың сапалы білім алуларына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Атап өтетіні, карантин біткеннен кейін ноутбуктар балаларға сый ретінде қалады», - деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
«SALIQALY URPAQ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабековтың айтуынша, мақсат – балалардың сапалы білім алуына үлес қосу. Шара барысында Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарының көпбалалы аналарына жаңа ноутбуктер табыс етілді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен бюджет қаржысының есебіне 77 мың мұғалім мен оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмысы әлі жүргізіліп жатыр. Бүгінде шамамен 50 мың компьютер үлестірілген. Қалған техника 15 қыркүйекке дейін тапсырылады.
«SALIQALY URPAQ» қоғамдық қоры түрлі себептермен ноутбук сатып ала алмайтын отбасыларға көмектесу үшін 500 ноутбукты Алматы қаласының Білім басқармасына берді. Біздің мақсатымыз – ұрпағымыздың білім алуына үлес қосу, себебі білімді ұрпақ – елдің болашағы. Бүгінгі акцияның көмегімен біз балалар мен ұрпақтарымыздың жарқын болашағына себепкер болып отырмыз», - деді Қасым Қасабеков.
«Қашықтан оқыту кезінде Алматы әкімдігі бізге көп көмектесті. Мектептен екі ноутбук және екі SIM карта бөлінді. Үйде 6 бала болғаннан кейін, өкінішке қарай, оқуға екі ноутбук бізге аздық етті. Енді міне, «SALIQALY URPAQ» қоры тағы бір ноутбукты сыйға тартты. Алғысымыз шексіз. Бұл балаларымның оқуда жоғары жетістіктерге жетулеріне көмектеседі деп ойлаймын», - деп алты баланың анасы Жаңылсын Отбаева.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы