Кезекші сыныптардағы оқушылар медициналық қолғап киюге міндетті емес – ресми ақпарат
Алайда, оқушылар сабақ үстінде, мектеп ішінде маска тағуға міндетті
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов кезекші сыныптарда оқитын балаларға медициналық қолғап кию міндетті процедура емес екенін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде «мектепте балалар медициналық маска мен қолғап киюге міндеттелді» деген ақпарат тараған.
«Сабақ кезінде балалар медициналық қолғап киіп отыруға міндетті емес екенін айтқым келеді. Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат - жалған. Бірақ, сабақ кезінде маска тағу міндетті. Себебі, балалар вирусты аз жұқтырады, ауру симптомсыз өтеді десек те, олар вирус тасымалдаушы ретінде өздерінен үлкен, әсіресе, вирус тез жұғып, тез асқынатын жастағы адамдарға ауру жұқтыруы мүмкін», - деп хабарлады Бағдат Қожахметов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Дегенмен, ведомствоның ресми өкілі қойылған маңызды сұрақтардың біріне жауап берген жоқ. Дәлірек айтсақ, «Оқушыларды маска және антисептикпен мектеп қамтамасыз ете ме, әлде ата-анасы баласына өзі сатып алуы беруі тиіс пе?» деген сұрақ жауапсыз қалды. Бағдат Қожахметов бұл сұрақты министрге жеткізіп, балаларға масканы тегін таратуға бола ма, жоқ па деген мәселені көтеретінін айтты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан