$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.08.2020, 16:53
Қоғам

Роза Рымбаева мен Төреғалидың отбасында болған тойға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр

Алексей Цой осы мәселеге байланысты Жандарбек Бекшинге тапсырма берген

Роза Рымбаева мен Төреғалидың отбасында болған тойға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр
Фото: revuenews

Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың үйлену тойы, сондай-ақ танымал әнші Төреғали Төрәлінің жақында тұрмысқа шыққан қарындасы Фариза Төрәліге қатысты карантин кезінде жасалған той Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың назарына ілікті. Бұл туралы бүгін министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.

Онлайн брифинг кезінде журналистер әлеуметтік желіде танымал тұлғалардың отбасында болған тойдан фото, видео тарағанын айтып, олар санитарлық нормаларды бұзғаны үшін жазалана ма деген сұрақ қойды. Қожахметов хабарлағандай, қазір аталмыш екі факт де тексеріліп жатыр.

«Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрінің жеке бақылауында. Таңертең ғана осы тақырыпта сөз қозғадық. Менің көзімше министр Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге телефон соғып, тапсырма берді», - деді Қожахметов.

Қазір Алматы қаласының Полиция департаменті осы фактілерге қатысты тексеру бастаған. Полиция тойлар дәл қай күні өткенін, оған неше адам қатысқанын, қандай санитарлық талаптардың бұзылғанын анықтауы тиіс. Егер олар Әкімшілік кодекс талаптары мен Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысындағы талаптарды бұзса, айыппұл төлейді.

Айта кетейік, Әли Оқапов танымал әнші Ақерке Бүркітбайға үйленсе, Фариза Төрәлі спортшы Дархан Нортаевқа тұрмысқа шыққан.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары