Сапарбаев Қордай ауданы әкіміне идеологиялық жұмыстарды күшейтуді тапсырды

Облыс басшысы қоғамдағы ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту қажеттігін атап өтті

Сапарбаев Қордай ауданы әкіміне идеологиялық жұмыстарды күшейтуді тапсырды
Фото: Сапарбаевтың Қордай оқиғасына қатысты ұсталған тұрғындардың туыстарымен кездесуі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің есебін тыңдады, деп хабарланды облыс әкімдігінің ресми сайтында.

«Біздің кездесуіміздің мақсаты – жергілікті жерлерде шешімін таппай отырған мәселелерді талқылау. Аудан тұрғындарын не алаңдатады? Облыс басшылығынан қандай көмек қажет? Бұл ретте құрғақ есептерді баяндаудың қажеті жоқ, нақты мәселелерді шешу үшін өзекті мәселелер мен ұсыныстар айтылуы керек», - деді өңір басшысы.

Биыл Қордай ауданында 387 әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға 21,8 млрд теңге бөлінді. Ауданда автожолдар салынып, жөнделуде, газ, су, электрмен жабдықтау желілері жүргізілуде, мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 345 нысанның жұмыстары аяқталды.

Аймақ басшысы іске асырылып жатқан жобалардың сапасы мен орындалу мерзіміне назар аударды. Қаржыны сапалы игеруде азаматтық сектордың маңыздылығын алға тартып, жанашыр азаматтар құрылыс жұмыстарының барысын бақылауға белсенді қатысуы керек екенін баса айтты.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру және идеологиялық жұмыстарды күшейту, қоғамдағы ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайту қажеттігін атап өтті.

Ағымдағы жылдың ақпан айында болған тәртіпсіздіктер кезінде бұзылған тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру шараларын облыс әкімдігі ерекше бақылауда ұстауда.

«Тұрғындармен жиі кездесіп, оларға ауылдықтардың тұрмысын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын нақты түсіндіру қажет. Өңірде жүздеген жобалар жүзеге асырылуда, оларға бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінді. Кордайлықтар мемлекет тарапынан теңдессіз қолдау шаралары жүзеге асып жатқанын сезінуі тиіс. Бұл мәселеде қоғам өкілдерін белсенді тарту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді пайдалану маңызды», - деді Б. Сапарбаев.

Еске сала кетейік, 8 ақпанда Қордай ауданының үш ауылында екі мыңнан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік болды. Қақтығыс кезінде 11 адам қаза тапты. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров Қордайдағы қақтығыс бойынша 59 адамның қылмыстық жауапқа тартылатынын айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.