Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем шақырушылар саны азайған
Қазіргі таңда қалада 10 стационар жұмыс істеп тұр
Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем станциясына келіп түсетін шақырулар мен азаматтардың өтініштері азайғаны байқалады. КВИ бойынша қоңыраулар тәулігіне 500-ден 6-ға дейін азайды. Бұл туралы тікелей эфирде өткен брифинг барысында елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қала тұрғындарынан түскен өтініштердің жалпы саны тәулігіне 3 мыңнан 1 мыңға дейін төмендеді. КВИ бойынша шақырулар тәулігіне 500-ден 6-ға дейін азайды», - деді елордалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Елордада коронавирус пен пневмонияның төмендеуіне байланысты науқастарды емдейтін стационарлар босатылады. Ауруханаға жатқызылғандардың саны бір жарым айда 10 есеге азайған.
«5 шілдеден бастап ауруханаға жатқызылған науқастардың саны 4 мыңнан індеттің өршуі кезінде 343 адамға немесе 10 есеге азайды. Тиісінше, төсек қорының жүктемесі 99%-дан 17,2%-ға дейін азайды. Стационарлардағы КВИ расталып, ауруханаға жатқызылған науқастар саны 2000-нан 137-ге дейін (14 есе), пневмониямен ауырғандар саны 1333-тен 198-ге дейін (7 есе) азайды», - деді Тимур Мұратов.
Пандемияның өршуі басылуына байланысты КВИ-мен күресуге жұмылдырылған денсаулық сақтау объектілерінің саны қысқаруда. Осылайша, негізгі қызметін қайта бастаған алты денсаулық сақтау нысаны кезең-кезеңімен жабылған. Эпидемиологиялық ахуал асқынған жағдайда, олардың жұмысы жедел қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта 10 стационар іске қосылған.
Айта кететіні, 10 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық емханаларда алдын ала жазылу бойынша жоспарлы түрде қабылдау жүргізілуде.
«Оның ішінде скрининг, жоспарлы стоматологиялық қызметтер, оңалту қызметтері, медициналық-әлеуметтік қолдау, медициналық-әлеуметтік сараптамаға медициналық құжаттарды ресімдеу, психологиялық көмек, күндізгі стационарлардың жұмысы, тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу жүргізіледі. Іс-шаралар күшейтілген санитарлық-эпидемологиялық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Жұмыс күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін», - деп атап өтті Тимур Мұратов.
Сондай-ақ коронавирус инфекциясының белгілері бар адамдарды қабылдау бойынша фильтр-кабинет жұмысы тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта қалада тәулігіне 5,5 мың зерттеу қуаты бар 9 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Оларда барлығы 305 мыңнан астам зерттеу жүргізілген.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан