$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.08.2020, 15:12
Қоғам

Петропавлда спорт кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Оған көршілес ғимараттар басшылығының арасындағы бітпес дау себеп болған

Петропавлда спорт кешенінің құрылысы тоқтап қалды

Петропавл қаласында өз қаражатына спорт кешінін салып жатқан кәсіпкер құрылысты тоқтатуға мәжбүр болды.  Оған жоспардан тыс жүргізілген тексеріс жұмыстары себеп болған. Мамандар сәулет және құрылыс саласындағы бірқатар талаптардың ескерілмегенін алға тартып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жергілікті кәсіпкер Қайырбек Хамзин нысанның іргетасын қаламас бұрын тиісті органдарда барлық құжаттарды рәсімдеп, рұқсатнама алған. Биылғы жылдың наурызында басталған құрылыс 2021 жылдың ақпанында аяқталуы тиіс еді.

«Нысанды жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі техникасының регламенттері сақталмағаны анықталды. Атап айтар болсақ, өрт сөндіру көлігі өте алмайды. Сондықтан Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің  бұған дейін қабылданған эскиздік жобасы жарамсыз деп танылып отыр. Осыны есепке алып, облыстық Сәулет-құрылыс басқармасы аталған олқылықтар жойылғанша құрылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде шешім шығарды», - дейді СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Біржан Көшербаев.

Талапқа сәйкес, көршілес учаске мен ғимараттың арасы 8 метрден кем болмауы тиіс. Ал Біржан Көшербаевтың айтуынша, бұл жерде небәрі 3 метр қашықтық сақталған. Енді құрылысты қайта жалғастырудан гөрі, «басынан бастаған» деген дұрыс болар. Өйткені, салынып жатқан нысанды бұзып, орнынан көшіру керек. Бұл әрекет кәсіпкерді айтарлықтай шығынға батырары сөзсіз. Осыған дейін құрылысқа 190 миллион теңге жұмсалған. Оны соңына дейін жеткізу үшін тағы 300 миллион теңге қажет.

«Біз ешқандай коммерциялық мақсатты көздемейміз. Қайырбек Хамзин волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Оны жергілікті «Қуаныш» атты қыздар волейбол командасын құруға спортқа деген сүйіспеншілігі итермелеген екен. Республика деңгейінде облыс намысын қорғап, жетістіктерге жетіп жүрген команданың шығынын толықтай өзі көтереді. Оған қоса, тегін спорттық секцияларын ашқан. Қатысатын оқушыларды арнайы автобустар тасымалдайды. Осының ешқайсысына ақы алып жатқан жоқ», - дейді «Қуаныш» спорт клубы директорының орынбасары Степан Притула.

Айта кетер болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданында тұратын кәсіпкер Қайырбек Хамзин 2014 жылы «Қуаныш» қыздар волейбол клубын құрған болатын. Олардың спорт формасынан бастап, жаттығу, түрлі жарыстарға қатысу  шығынын өзі көтереді. Аталған команда бірер жыл бұрын ҚР чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерді.

Қазір балалар шағын ғана көне ғимаратта жаттығып жүр. Оларға жағдай жасау үшін кәсіпкер спорт залының маңында орналасқан жер үйлерді сатып алып, учаскелерді қоқыстан тазартқан.

«Өткен ғасырда салынған баспаналар қаусап, тұрғындарына қауіп төндіріп қана қоймай, көше сәнін кетіріп тұратын. Мына жерде қалған үйлерден-ақ соны аңғаруға болады. Осының барлығын ретке келтірген едік. Инвестор өз құқығын қорғау үшін прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке шағымданбақ. Егер осы қалпына құрылысты жалғастыруға рұқсат етілмесе, клубты жаппақшы. Онда облыстың волейбол командасын жоғалтатыны өкінішті», - дейді Степан Притула.  

ДАУДЫҢ БАСЫ – БОТАНИКАЛЫҚ БАҚ

Шын мәнінде, құрылыстың тоқтап қалуына салынып жатқан спорт кешенімен іргелес орналасқан «Табиғат балалары» ботаникалық бағы себеп болған. Оның басшылығының айтуынша, нысаннан түскен көлеңке жасыл желектің жайқалуына кедергі келтірмек. Осыны дәлелдеу үшін талай мекемеге хат жазып, Президент әкімшілігіне дейін жеткен. Шет елден тәуелсіз сарапшыларды да шақырыпты.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандарды шақыртып, күн сәулесінің инсоляциясын жасаттық. Олардың жұмысы көңілімізден аса шыға қоймағандықтан, көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы мамандарына да жүгіндік. Сараптама қорытындысына сәйкес, әсіресе, күзде, қараша айынан бастап көктем мезгіліне дейін бұл спортзалдың көлеңкесі біздің өсімдіктерге түседі. Күн сәулесінің тапшылығынан пальма сынды бірегей өсімдіктер болашақта тіршілігін жоюы мүмкін. Осы мәселеге қатысты Президент әкімшілігіне және құрылыс комитетіне арыз жаздық. Бұл ғимаратты бұзып, басқа жерде салу керек деген талап қойып отырмыз. Кәсіпкер құрылысты бастамас бұрын көшеге шығатын ортақ жол салуды ұсынып едік, ол бас тартты», - дейді «Табиғат балалары» ботаникалық бағының жетекшісі Артур Рязапов.

Жобаға сәйкес, спорт кешенінің биіктігі – 14 метр. Ал ботаникалық бақ ғимаратымен арадағы қашықтық 30 метрге тең. Сондықтан құрылыс жүргізуші тарап нысан көлеңкесі өсімдіктерге түсетіндігімен келіспейді. Бақ басшылығының құзырлы мекемелерге хат жазуына ұсыныстарының қабылданбауы себеп болғанын айтады.

Бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан бітпес дау спорт кешені құрылысының тоқтап қалуына әкеп соқты. Енді жергілікті волейбол командасына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бұл жағдай «екі өгіз сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген нақылды еріксіз еске түсіреді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары