Қазақстанда коронавирус жұқтырған жүздеген адамның жағдайы өте ауыр
Жалпы, наурыз айынан бері елде 1415 адам COVID-2019 вирусынан көз жұмған
Қазақстанда коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан адамдардың арасында 509 адамның денсаулығы ауыр, соның ішінде, 103 адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Бұл туралы бүгін дүйсенбі сайын өтетін онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау министрінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жалпы, 13 наурыздан бері Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 103 мыңнан асқан, оның ішінде, 87 мыңнан аса адам жазылып шыққан.
«Наурыздан бері 1415 адам қайтыс болды. Қазір ел бойынша 18 841 адам ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 99 бала бар. 3279 адам стационарда, 15 мыңнан астам адам амбулаторияда», - деп хабарлады ол.
Ал, дәл қазір стационарда жатқан адамдардың ішінде 509 адамның денсаулығы нашарлап тұр. «Соның ішінде 406 адамның жағдайы – ауыр, 103 адамның жағдайы – өте нашар. 72 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр» деген Қожахметов соңғы екі аптадағы жағдайды салыстырды.
«Тамыздың 3-9 күндері арасында 7108 адам індет жұқтырды, 222 адам вирустан қайтыс болды. ПТР нәтижесі теріс 7940 адам тіркелді, соның ішінде 122 адам көз жұмды. Ал 10-16 тамыз аралығында жағдай біршама өзгерді. Соңғы аптада 3995 адам вирус жұқтырды, 151 адам қайтыс болды. ПТР-тест нәтижесі теріс 5344 жағдай тіркелді, 64 адам қайтыс болды», - деді Қожахметов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан