Павлодарда бауырының 17 жастағы қызын үйінен қуған әйел дәрігер болып шықты: клиника басшысы мәлімдеме жасады
Айгүл Ешматова клиниканың отбасылық жанжалға қатысы жоқ екенін айтады
Darmed клиникасының негізін қалаған Айгүл Ешматова әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұған дейін орталықтың 2GIS-тегі парақшасына қазақстандықтар жаппай теріс пікір қалдырып, төмен баға қоя бастаған. Бұған дәл осы клиникада гинеколог-эндокринолог болып жұмыс істейтін дәрігер 17 жастағы сіңілісін үйінен қуып шыққаны себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желі қолданушылары дәрігердің жұмыс орнын өздері анықтаған. Осыдан кейін клиниканың 2GIS-тегі парақшасында наразы пікірлер көбейіп, кейбірі мекемеге бойкот жариялайтынын мәлімдеді.
Айгүл Ешматова клиниканың отбасылық жанжалға қатысы жоқ екенін айтып, қызметкерін қоғамның талабымен бірден жұмыстан шығармайтынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай шешім заңға да, басшының қызметкерлер алдындағы жауапкершілігіне де қайшы.
«Darmed отбасылық жанжалдың кесірінен даудың ортасында қалды. Біз – әйел денсаулығына маманданған клиникамыз. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін шешетін сот емеспіз. Менен талап еткені үшін қызметкерді бірден жұмыстан шығара алмаймын. Бұл заңға да, мансабы мен отбасын бізге сеніп тапсырған 300 қызметкердің алдында басшының ұстануы тиіс қарапайым этикаға да қайшы», – деп жазды ол.
Клиника иесі оқиғадан зардап шеккендерге тілекші екенін жеткізіп, кімнің кінәлі екенін өзі немесе медициналық орталық емес, тиісті тараптар анықтауы керегін айтты.
«Ешкіммен дауласып, ақталғым да, біреудің сезімін жоққа да шығарғым келмейді. Бірақ жағдайдың мән-жайын анықтамай тұрып, бізге қатысы болмасын деген оймен асығыс шешім қабылдай алмаймын. Бізді көп адам игі істеріміз арқылы таниды. Қолдау білдірген жандардың барлығына рақмет!», – деді Айгүл Ешматова.
Клиника басшысының жазбасына қатысты желі қолданушыларының пікірі де екіге бөлінде. Бірі медициналық орталықты отбасылық жанжалға араластырмау керегін айтып, Ешматованың ұстанымын қолдады.
Ал енді бірі дәрігердің жеке беделі өзі жұмыс істейтін клиниканың да абыройына әсер ететінін алға тартты. Тағы бір қолданушы клиникаға бойкот жариялайтынын ашық мәлімдеген.
Бұған дейін не болды?
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде 17 жастағы қыздың видеожолдауы тараған еді. Ол әкесі қайтыс болғаннан кейін туыстарымен арада жанжал туындағанын, соның салдарынан анасы екеуі өз үйлерінен қуылғанын айтқан.
Кейін әлеуметтік желі қолданушылары қыздың туыстарының бірі Darmed клиникасында гинеколог-эндокринолог болып жұмыс істейтінін анықтаған. Дәрігердің жеке Instagram парақшасы жабық.