А санатындағы 70 мың адам жәрдемақы алып жүр: Жұманғарин ауқаттылардың нақты санын атады

Министрдің сөзінше, жалпы жәрдемақы алып жүрген ауқаттылар санатына 522 мың адам жатады

А санатындағы 70 мың адам жәрдемақы алып жүр: Жұманғарин ауқаттылардың нақты санын атады
Фото: Azattyq Rýhy

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ауқатты азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті қайта қарау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оның айтуынша, қазір азаматтарды санаттарға бөлу бойынша талдау жүріп жатыр.

«Бұл санатқа 522 мың адам жатады. Оның ішінде А санатында 70 мыңнан астам адам бар. Қазір осы санаттағы адамдарға талдау жүріп жатыр. Нарықтағы жағдайға сәйкес, азаматтарға тиісті ұсыныстар жолданады. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыс істеу керек. Негізі, бұл мәселеде қателікке жол бермеуіміз керек. Кеше де осы мәселені талқыладық», – деді Серік Жұманғарин Құрылтай брифингінде.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин әлеуметтік көмекті қысқарту кезінде кәсіпкерлер қарастырылмайтынын түсіндірді.

«Әлеуметтік көмекті азайтуға қатысты Құрылтай отырысында Премьер-министр де айтып кетті. Премьер-министрдің сөзі – Үкіметтің пікірі. Бизнеске тиіспейміз. Бизнесті қолдауды әрі қарай жалғастырамыз», – деді министр.

Айта кетейік, үкімет басшысы Олжас Бектенов ауқатты адамдардың жәрдемақысын тоқтату арқылы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемделетінін мәлімдеген еді. Бұл туралы Бектенов Құрылытайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқылау кезінде айтқан.