Бүгін, 13:37
Қоғам

«Яндекстегі» ақау шетелдегі жағдаймен байланысты: ал қазақстандықтардың жеке мәліметтері тарап кеткен жоқ па (ВИДЕО)

Семейде 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкердің және 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған

«Яндекстегі» ақау шетелдегі жағдаймен байланысты: ал қазақстандықтардың жеке мәліметтері тарап кеткен жоқ па (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева мыңдаған қазақстандықтың жеке мәліметтерді тарап кеткенін айтып, түйткілді мәселені көтерді. Ол осыған байланысты бас прокурор Берік Асыловқа, премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында биыл ғана қабылданған жаңа Конституцияда адамның дербес мәліметтерінің қорғалуы заңмен бекітілгенін еске салып өтті.

«Бәрімізге белгілі, 11 қазан күні қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтерін қолдана алмай қалды. Аталмыш компания мұны шетелдегі инфрақұрылымның ақауымен байланыстырды. Министрлік қазақстандықтардың жеке мәліметтері сақталған серверлер Қазақстанда орналасқанын және қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын айтқанмен, сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттер елден тыс жерде екенін растады. Күн сайын қазақстандықтардың телефон нөмірі, мекенжайы, баратын жолы мен төлем деректері бар сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы – бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», – деп Ләззат Жылқыбаева түйткілді проблеманың шетін шығарды.

Ол сөзін жалғай отырып, осыған ұқсас тағы бір мәселені қозғап өтті. Депутаттың сөзіне сүйенсек, жуырда Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы медициналық тексеру қызметін сатып алмақ болған. Сорақысы сол, олар жалпы саны 529 қызметкердің жеке мәліметтерін мемлекеттік сатып алу порталындағы жұрт көретін жерге ашықтан ашық жариялап жіберген.

Депутат осындай жағдай Семейде де болғанын айтты. Нақтырақ айтқанда, 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкердің және 344 кәмелетке толмаған баланың жеке мәліметтері ашықтан ашық жарияланып кеткен. Онда аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні, мекенжайы және телефон нөмірі сияқты мәліметтер толықтай көрсетіліпті. Айтуынша, жеке мәліметтерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті жоқ. Қайта жеке мәліметтерді қорғауы тиіс ұйымдардың өздері жұрт көретіндей етіп ашық жариялаған.

«Әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Кімге береді? Қанша уақыт сақтайды? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның қауіпсіздігіне де, жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін», – дейді Құрылтай депутаты.

Депутат сөзін жалғай отырып, осыған байланысты мынадай шараларды ұсынды:

  • Ең алдымен, 11 қазандағы «Яндекс» жағдайға байланысты дербес деректердің берілу-берілмеуін және мұндай фактілер анықталған жағдайда олардың заңдылығын тексеру қажет;
  • Екіншіден, мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін компаниялардың жеке мәліметтерді жинау, өңдеу және сақтаудың дұрыстығын, оларды өзгелерге берудің заңдылығын және жою талаптарының сақталуын тексеру қажет;
  • Үшіншіден, 2026 жылғы маусымда заңға өзгерістер енгізіліп, интернетте жариялауға болмайтын жеке мәліметтерді жасыру талаптары бекітілді. Сондай-ақ цифрлық нысандардағы мәліметтерді бүркемелеу және хештеу әдістерін қолдану міндеттелді. Алайда жоғарыда айтылғандай, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жеке мәліметтері ашық жарияланғанда бұл талаптардың қаншалықты орындалғанын тексеру қажет екенін көрсетті.
  • Төртіншіден, жеке мәліметтерді қорғау саласында бақылауды күшейту үшін өңірлердегі мамандардың біліктілігін арттырып, бірыңғай әдістеме мен нақты нұсқаулықтар әзірлеу қажет.
  • Бесіншіден, жеке мәліметтері заңсыз жарияланған азаматтарды дер кезінде хабардар етіп, қалпына келтіру қажет. Сол сияқты мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.