Үш жыл ішінде Қазақстан медицинасындағы ЖИ-дің үлесі 80% жетеді
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына келген мамандар осылай дейді
Бүгін Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумның бөлек бір сессиясы «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» деген тақырыпта өтті. Сессияға қатысқан әртүрлі саланың өкілі жасанды интеллект қазақстандықтардың өміріне қандай пайда тигізетінін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, сессияға медицина, мемлекеттік қызмет және әлеуметтік саланың сарапшылары жиналған.
Айта кетейік, «Digital Qazaqstan» атты бағдарлама 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық цифрландырудың ауқымды стратегиясы. Бұл стратегияның міндеті - мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын қарауға кететін уақытта кемі 50% қысқартуды, IT қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын екі есе арттыру, адал бизнестің тексерулерін екі есе азайту.
Сессияға модератор болған Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова да бұл міндеттердің нәтижесі халықтың өміріне кәдімгі пайдасын тигізу керек дейді.
«Цифрлық трансформацияның нәтижесі өмірімізге енген технологиялардың санымен емес, олардың адамға, мемлекетке және экономикаға берген пайдасымен өлшенуі тиіс. Digital Qazaqstan стратегиясын одан әрі іске асыру дәл осы қағидатқа сүйенуі керек», - дейді Әлия Оспанова.
Сессияға келген Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов медицина саласындағы цифрландырудың жоспарын жария еткен.
Дәлірек айтсақ, Қазақстанда пациенттің бірыңғай цифрлық медициналық профилі пайда болып, профилактика туралы хабарлайтын дербес сервисті енгізу жән телемедицинаны, соның ішінде мектеп медицинасын дамыту көзделіп отыр дейді ол.
«2028 жылға қарай бірыңғай цифрлық жүйеге медициналық ұйымдардың кемінде 95% біріктіру жоспарланып отыр. Ал жасанды интеллект қолданатын клиникалық шешімдердің үлесі кемінде 80% жетуі тиіс», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада өтіп жатқан «AI & Digital Bridge 2026» форумын Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырған. Оған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Астана әкімдігі қолдау көрсеткен.