Бүгін, 12:55
Қоғам

Бас жүлде – 1 млн теңге: Шымкентте мыңнан аса адам қаржылық сауаттылық бойынша жарысып, ақшалай сыйлық алды

Ауқымды сайысқа еліміздің 5 өңірінен 1260 адамнан құралған 126 команда қатысқан

Бас жүлде – 1 млн теңге: Шымкентте мыңнан аса адам қаржылық сауаттылық бойынша жарысып, ақшалай сыйлық алды
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында «Қаржы сақшысы» атты республикалық интеллектуалды ойыны өтті. Қазақстанның аймақ-аймағынан жиналған командалар қаржылай сауаттылық бойынша білімдерін сынға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы маслихатының төрағасы, Шымкент қалалық филиалы Әділет партиясының төрағасы Мұрат Жанабайұлы Жоджыхожаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтер қатысқан.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ауқымды сайысқа еліміздің 5 өңірінен 1260 адамнан құралған 126 команда қатысты. Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, лудоманияның алдын алу, дропперлік және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша білімдерін сынады. Жеңімпаздар жүлделі орындарға ие бола отырып, ақшалай сыйақы алған. Дәлірек айтқанда:

  • 1-орын – 1 000 000 теңге
  • 2-орын – 500 000 теңге
  • 3-орын – 300 000 теңге

Сонымен қатар, финалға өткен 10 командаға 100 000 теңгеден сыйақы табысталған.

«Қаржы сақшысы» – жастардың қаржылық сауатын арттырып, алаяқтық схемалардан сақтануға және жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба», - деп хабарлайды Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қаржылық сауаттылық бойынша білім жарысын Шымкент қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қала әкімдігінің қолдауымен өткізген.   «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында өткен жарыс қаржылық сауаттылықты арттыру, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қазіргі реформалар кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл ұстаным қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға бағытталған.

Жалпы алғанда, заңдылық пен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Қоғамда әділеттілік орнап, тұрақтылық сақталуы үшін заң талаптары баршаға бірдей орындалуы қажет. Мемлекеттік органдардың тиімді қызметі де, азаматтық қоғамның белсенділігі де дәл осы заң нормаларын құрметтеу мен сақтау мәдениетіне тікелей байланысты. Заң үстемдігі орнаған жерде ғана мемлекеттік басқару жүйесі сенімді жұмыс істеп, азаматтардың мемлекетке деген сенімі нығаяды.