Құжаттар ескірмей тұрғанда Алматы мен Жетісудағы газ жобаларын аяқтау керек - «Әділет» депутаты
Депутат министрлікке 3 ұсыныс берді
Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрбақыт Теңізбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, мемлекет басшысы елді мекендерді газдандыру қарқынын жеделдетіп, табиғи газбен қамту деңгейін қазіргі шамамен 65 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын.
«Бұл – өте маңызды бастама. Өйткені газдандыру – ауылға газ құбырын тарту ғана емес. Ол ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасы алшақтығын қысқартуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, жергілікті кәсіпті дамытуға және өңірлердің экономикалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп, ауылдан қалаға көші-қон үдерісін тежеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл бастама «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Өңірлер мықты болса – ел мықты» басымдығымен де үндеседі», – деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Ол Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Алматы облысында 27, Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар таулы және шекаралық аймақта орналасқан Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын қатты отынға тәуелділіктен арылту үшін стратегиялық маңызы бар «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы әзірленді. Бұдан бөлек, Қонаев қаласының жаңа аудандары мен инвестициялық нысандарын дамытуды көздейтін «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) жобасы қарастырылған», - деді депутат.
Теңізбаевтың айтуынша, аталған жобаларды іске асыруды созбалаңға сала берсе, олар қымбаттап кетуі мүмкін. Себебі жобалық-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2024 жылы алынған. Жобаларды іске асыру мерзімі ұзаққа созылса, құжаттаманы қайта қарау және сараптамадан қайта өткізу қажеттілігі туындауы ықтимал. Осыған байланысты ол энергетика министрлігіне үш ұсыныс жасады.
«Алматы және Жетісу облысында әзірленген газдандыру жобаларының техникалық құжаты ескірмей тұрып, оларды мемлекеттік даму жоспары аясында кезең-кезеңімен іске асыруды, «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбыры мен оған қажетті инфрақұрылымды стратегиялық маңызы бар жобалар қатарына енгізу мәселесін қарастыруды ұсынамыз», - деді ол.
Сондай-ақ Қонаев қаласының қарқынды дамуын ескере отырып, «Жаңа Іле» АГТС жобасын өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарына енгізуді сұрады.