28.09.2026, 12:46
Қоғам

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік мобильді байланысы іске қосылды

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік мобильді байланысы іске қосылды
Фото: gov.kz

Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып Direct to Cell технологиясына негізделген спутниктік мобильді байланысты қолданысқа енгізді. Бұл жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink Mobile компанияларының бірлескен күшімен іске асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жемісі. Өткен жылдың қараша айында меморандумға қол қойылып, желтоқсанда алғашқы тәжірибелік сынақтар сәтті өтті.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев енді шалғайдағы қазақстандықтар интернетке қосыла алады дейді.

«Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы сынақтан өтіп, тұрғындарға қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Озық технологиялардың халықаралық келісімдер деңгейінде қалып қоймай, нақты іс жүзінде адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», - дейді Мәдиев.

Технологияның басты артықшылықтары

Қосымша құрылғы қажет емес, бұл интернетке қосылу үшін арнайы спутниктік телефон, сыртқы антенна немесе басқа да қосымша жабдықтардың қажеті жоқ, тек үйлесімді смартфон болса жетеді.

Шалғай аймақтардағы байланыс

Жерүсті мобильді желісі мүлдем ұстамайтын жерлерде (таулы аймақтар, қала сыртындағы трассалар, шалғай елді мекендер) хабарлама алмасып, базалық интернет-сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Төтенше жағдайлардағы сенімді серік

Жерүсті инфрақұрылымы зақымданған немесе істен шыққан жағдайда үзіліссіз байланыста болуға кепілдік береді.

Тегін промо-кезең: Beeline Қазақстан клиенттері үшін қызметтің бастапқы кезеңі тегін.