Ота 1,5 сағатқа созылды: Түркістанда 9 айлық сәби екі батарейка жұтып қойған (ВИДЕО)
Қазір баланың жағдайы жақсы
Түркістан облысында 9 айлық сәби байқамай екі батарейка жұтып қойған. Алғашында ата-анасы мұны білмеген. Біраз уақыттан кейін баланың дене қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, жағдайы нашарлаған соң ата-анасы оны Түркістан облыстық балалар ауруханасына жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Otyrar TV-ға сілтеме жасап.
Дәрігерлер рентгендік тексеру жүргізіп, сәбидің ағзасынан екі батарейка анықтаған. Оның бірі өңеште тұрып қалған. Мамандар шұғыл түрде операция жасау туралы шешім қабылдаған.
«Рентген жасады. Асқазанын қараса екі батарейка тұр. Шұғыл түрде ота жасау керек екенін айтты. 1,5 сағат операция болды», – деді баланың анасы.
Операция кезінде дәрігерлер өңеште тұрып қалған батарейканы алып шыққан. Ал екіншісі ішек жолдарына өтіп кеткендіктен, оны хирургиялық жолмен алмаған. Дәрігерлер сәбиді бақылауда ұстап, батарейканың табиғи жолмен шығуын күткен.
«Баланың ағзасынан екі батарейка анықталды. Оның біреуі өңеште тұрып қалған. Екіншісі ішек жолдарында орналасқан. Бұл жерге эндоскопия дәрігері шақырылды. Фиброгастродуоденоскопия әдісімен өңештегі бөгде зат алынды. Ішекте орналасқан батарейка динамикалық бақылауда болып, қазіргі таңда өзі шықты», – деді Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігер-хирургы Бердалы Тасанби.
Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе түйме тәрізді батарейкалар балалар үшін өте қауіпті. Олар өңеште тұрып қалған жағдайда қысқа уақыт ішінде ауыр зақым келтіруі мүмкін.
9 айлық сәби үш тәулік жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Қазір оның жағдайы жақсарып, дәрігерлердің бақылауында.