«Арасында 52 ұл, 17 қыз бала бар»: ішкі істер министрлігі Қазақстандағы ата-аналарға шұғыл мәлімдеме таратты (ВИДЕО)
Осы уақытқа дейін 69 бала есірткі қылмысы үшін ұсталған
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері полиция оқушылар арасындағы есірткі қылмысына қарсы күресті күшейткен. Яғни, полиция жеке кәсіппен айналыс жүрген жастар мен студенттерге ескерту жасап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, олар тәжірибелі ұстаз, психолог және нарколог-дәрігерлерді шақыра отырып, есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған 16 мың кездесу өткізген екен.
Жалпы, ІІМ өкілі атап өткендей, есірткі бизнесіне қатысты жағдай алаңдатып отыр.
«Қазіргі мәліметке сүйенсек, елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталған. Оның ішінде 40 жасөспірім есірткі өткізген, 27 бала есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаған, екеуі есірткі жарнамалаған. Ұсталғандардың арасында 52 ұл, 17 қыз бала бар», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарды сақтыққа шақырып, есірткі қылмысына қатысты алғашқы күмәнді белгілерді сипаттап берген.
«Егер балаңыздың ақшасы көбейіп, қымбат зат сатып алса, телефонындағы хаттарды жасырып, әртүрлі скриншоттар жасаса – бірден қауіптеніңіз. Өйткені, оларға қосымша жұмыс ұсынғанлардың артында есірткі сататындар тұрады. Сондай-ақ, баланың араласатын ортасы, бос уақытын қалай өткізетіні, әлеуметтік желіде кімдердің аккаунттарына жазылғаны да маңызды», - дейді ол.
Ең бастысы, ішкі істер министрлігі есірткі қылмысы үшін жаза 16 жастан басталатынын еске салды.