Төлқұжаты өзінде, бірақ шекара жүйесінде «жоғалған» деп тұр: Алматыдан ұшқалы тұрған әйел ыңғайсыз жағдайға тап болды

Бұл туралы жазба қазір резонанс тудырған

Төлқұжаты өзінде, бірақ шекара жүйесінде «жоғалған» деп тұр: Алматыдан ұшқалы тұрған әйел ыңғайсыз жағдайға тап болды
Фото: gov.kz

Алматыдан Пхукетке демалысқа аттанып бара жатқан қазақстандық отбасы күтпеген жағдайға тап болды: жазба авторының анасы шекара бекетінен өтпей қалған. Өйткені, қолындағы төлқұжатының мерзімі 2030 жылға дейін жарамды болғанына қарамастан, шекаралық бақылау жүйесі оның құжаты «жоғалған» құжаттар тізімінде тұр деп, әйелді өткізбей қойған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жазба жариялаған келіншектің сөзіне сенсек, отбасы Алматыдан Пхукетке Air Astana әуе компаниясының рейсімен ұшуға дайындалған. Жолаушылар алдын ала тіркеуден өтіп, әуежайға келген, жүктерін тапсырған. Алайда, шекара бекетіне келгенде бүкіл отбасы таң қалған. 

«Анам паспортын қолында ұстап тұр. Төлқұжаты 2030 жылға дейін жарамды. Оны жоғалтып алдым деп ешқашан өтініш бермеген,  ауыстыруға да өтініш жазбаған. Дәл осы төлқұжатымен бұған дейін бірнеше рет шетелге шыққан», – деп жазды ол.

Жолаушының сөзінше, анасының басқа төлқұжаты да жоқ. Бұған қоса, құжат eGov және басқа да мемлекеттік әрі банктік сервистерде жарамды ретінде көрініп тұрған. Алайда шекара қызметінің жүйесінде әйелдің төлқұжаты «жоғалған» деп тұр. 

«Анамыз Алматыда қалды. Анамызды тастап кетуге мәжбүр болдық.  Алматы – Пхукет бағытындағы билеті жарамсыз болып қалды. Көптен күткен отбасылық демалысымызға қуана алмадық, немерелері жылап, біз дел-сал күйге түстік», – дейді жазба авторы. 

Оқиғадан кейін әйелдің анасы Медеу аудандық ХҚКО-на барған. Сол жерде төлқұжат мемлекеттік база бойынша жарамды деп шығып тұрған. Сондықтан, ХҚКО қызметкерлері болған жағдайға қатысты түсініктеме бермеген көрінеді. Кейін оған Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің қызметкері хабарласып, құжатқа қатысты мәселенің себебін түсіндірген.

«ХҚКО қызметкерінің қателігі расталды. Анам төлқұжатын жоғалтқаны туралы өтініш бермеген. Қызметкердің айтуынша, 2022 жылы жеке куәлігін ауыстырған кезде, абайсызда оның төлқұжатын ауыстыру туралы өтініш бірге жазылып кеткен», – деп жазды ол.

Көші-қон қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазір мәселені шешу үшін төлқұжатты шекара қызметінен алып, қайта рәсімдеу керек. 

«Қазір бізге шекарада алып қалған төлқұжатты қайта қалпына келтіруді ұсынып отыр. Анам сол төлқұжатты қайта алғаннан кейін ұша алады», – деді қазақстандық.

Ол бұл жағдайды туризм саласында жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын және мұндай мәселеге алғаш рет тап болғанын атап өтті.

«Мерзімі өтіп кеткен паспорттарды да көрдім. Туристердің өз қателіктерін, құжаттарға қатысты мәселелерді, шетелге шығуға қойылған шектеулерді де кездестірдім. Бірақ адамның қолында жарамды төлқұжаты бола тұра, мемлекеттік ақпараттық жүйеде ол құжаттың «жоғалған» деп шығып тұрғанына қатысты шекарадан өте алмай қалды дегенді бірінші рет естіп тұрмын», – деп жазды ол.