Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады

Палатаның негізгі міндеттерін депутат Айдос Сарым таныстырды

Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады
Фото: Құрылтай баспасөзі

Қазақстан Құрылтайының жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Депутат Айдос Сарымның айтуынша, Қоғамдық палатаның негізгі міндеті – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық талдау жасап, азаматтық қоғам мен депутаттар арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету.

Ол мұндай жұмыс бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы арқылы жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, осы алаңдарда сарапшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және үкіметтік емес ұйым өкілдері заң жобалары мен қоғамды толғандырған мәселелерді талқылаған.

«Бүгінде осы алаңдар аясында жинақталған озық тәжірибені сақтап, бұл жұмысты әрі қарай Құрылтай қызметі шеңберінде жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтеру маңызды», – деді Айдос Сарым.

Қоғамдық палата заң жобаларын олар Парламентке ресми түрде енгізілгенге дейін, яғни «нөлдік оқылым» кезеңінде талқылауға қатыспақ. Сарым бұл тәсіл заң жобаларының негізгі ережелерін ертерек талқылап, қажет болса түзетулер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Біздің міндетіміз – қоғамды әзірленіп қойған шешімдер туралы ғана хабардар ету емес. Заңнамалық тәсілдер қалыптасып жатқан кезеңнің өзінде қоғамның оларды талқылауға нақты қатысуына мүмкіндік жасау қажет», – деді ол.

Палата құрамына Құрылтай депутаттарымен бірге азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдар, өңірлердегі өкілдер, сондай-ақ түрлі салалардың мамандары енгізілмек.

Қажет болған жағдайда талқылауға ғалымдар, сала мамандары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де шақырылады.

Қоғамдық палатаның жұмысы заң жобаларымен ғана шектелмейді. Оның алаңында елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылау жоспарланып отыр.

Сарымның айтуынша, Палата Құрылтайдың тұрақты комитеттерімен бірлесіп жұмыс істеп, сарапшыларға депутаттармен тікелей пікір алмасып, нақты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

«Қоғамдық палатаның негізгі міндеті – қоғамдық сараптаманы, кәсіби диалогты және Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететін нақты жұмыс тетігіне айналу», – деді депутат.

Оның айтуынша, жаңа алаңның мақсаты – қоғамды дайын шешімдермен ғана таныстыру емес, заңнамалық шешімдер әзірленіп жатқан кезеңде азаматтардың пікірін ескеру.