Қазақстан тарихы туралы күмәнді ақпараттар тез тарайды: «Әділет» партиясы оның шешімін ұсынды
Депутат бұл мәселе тек тарихи ақпаратпен шектелмейтінін атап өтті
«Әділет» партиясының депутаты Шолпан Каринова Қазақстан тарихына қатысты ақпараттың сапасын арттырып, әлеуметтік желілерде тарайтын бұрмаланған тарихи деректерге жедел жауап беретін жүйе қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән беруді атап: «Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді. Бұл – ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді. «Әділет» саяси партиясының ұстанымы – әділдік ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидасының бірі болуы тиіс. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады. Бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жетеді деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет», - деді ол.
Депутат бұл мәселе тек тарихи ақпаратпен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, халықпен кездесулер барысында елде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жұмыстар туралы азаматтардың толық ақпараттанбағаны байқалған.
«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Сондықтан ақпаратты жай жариялау аз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет. Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс. Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет. Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді», - деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды.
«Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды, тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды сұраймыз», - деді депутат.
Сондай-ақ TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыру және тарихқа қатысты жалған әрі бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру ұсынылды.