Қазақстанда COVID-19 қайта өршіп бара ма: Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады
Қазақстандықтар тұмауға ұқсас белгісіз аурумен ауырып жатқаны туралы жарыса жазды
Қазақстанда COVID-19 вирусы қайта өршіп бара ма? Денсаулық сақтау министрлігі елдегі азаматтардың жағдайына қатысты шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Threads желісінде қазақстандықтар тұмауға ұқсас белгісіз аурумен ауырып, дене қызуы 37 градусты көрсетіп тұрғаны жайлы жарыса жазып жатыр.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметінің жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ведомство мәліметінше, қыркүйек айының басынан бастап Қазақстанда күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл кезеңде ауа райының күрт өзгеруі де тыныс жолдарының вирустық инфекцияларының таралуына ықпал етуі мүмкін.
«Қазіргі уақытта бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ. Сонымен қатар тек белгілеріне қарап, нақты қай вирус жұққанын анықтау мүмкін емес. Сондықтан ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қабылдамай, медициналық ұйымға барып, дәрігердің тексеруінен өтіп, маманның тиісті ұсынымдарын алған жөн. Алдын алу мақсатында бөлмелерді тұрақты түрде желдетіп, қол гигиенасын сақтау, ауру белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. Қажет болған жағдайда адам көп жиналатын орындарда бетперде таққан жөн. Сондай-ақ ЖРВИ белгілері пайда болған кезде мүмкіндігінше үйде қалған дұрыс», – делінген хабарламада.
Дәрігерлер дене қызуы жоғарылап, қатты әлсіздік байқалса, тыныс алу қиындаса немесе жалпы жағдайы нашарласа, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет екенін ескертті.