Бүгін, 10:43
Қоғам

Алаяқтар енді қандастарды тақырға отырғызып жатыр: Еңбек министрлігі ресми мәлімдеме таратты

Олар қазақ тілінен тест тапсырып, құжат рәсімдеуде көмектесеміз деп алдайды

Алаяқтар енді қандастарды тақырға отырғызып жатыр: Еңбек министрлігі ресми мәлімдеме таратты
Фото: жасанды интеллект, коллаж

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтан түсіп жатқан өтініштердің негізінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми органның мәліметіне сүйенсек, қандастарды алдап, құжат рәсімдеп беруге көмектесемін деген алаяқтар көбейген.

«Көші-қон комитетіне келіп түскен ақпараттарға сүйенсек, көшіп келіп жатқан адамдардан ақша сұрап, құжат рәсімдеу процессін тездетіп беремін, қазақ тілінен тестілеуден өтуге көмектесемін деген алаяқтар көбейген. Ресми түрде ескертеміз: мұндай уәделерге сенбеңіздер. Бұл бағыттағы мемлекеттік қызметтер белгіленген тәртіппен ғана жүреді. Тестілеу нәтижелерін немесе құжаттарды қарау нәтижесін қандай да бір ақы үшін өзгертуге болмайды», - деп ескертеді Көші-қон комитеті этникалық миграция басқарма басшысы Нұрбол Байсынов.

Естеріңізге сала кетейік, министрлік кеше Қазақстанға көшіп келгісі келген адамдарға қазақ тілінен тест тапсыру ережелерін түсіндірген еді.