Қандас мәртебесін алғысы келетіндер ҚАЗТЕСТ тапсырады: жаңа талаптары қандай

Қандастар мен шетел азаматтарына арналған ереже жарияланды

Қандас мәртебесін алғысы келетіндер ҚАЗТЕСТ тапсырады: жаңа талаптары қандай
Фото: Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда қандас мәртебесін алғысы келетін немесе елде тұрақты тұруға рұқсат рәсімдейтін азаматтар ҚАЗТЕСТ тапсырады. Бұл тест адамның қазақ тілін күнделікті өмірде қаншалықты түсінетінін анықтауға арналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасай отырып. 

ҚАЗТЕСТ жүйесіндегі тапсырмалар күрделі емес және күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға негізделген. Яғни тест адамның қарапайым сөздер мен ақпаратты қазақ тілінде түсіне алатынын тексереді.

Тестте не сұралады?

ҚАЗТЕСТ екі бөлімнен тұрады: тыңдалым және оқылым. Тест тапсыратын адам бас-аяғы 60 тапсырма орындайды.

Тыңдалым бөлімінде қазақ тілінде айтылған сөздер мен сөйлемдерді тыңдап, дұрыс жауапты таңдау керек. Ал оқылым бөлімінде берілген мәтіндер мен ақпаратты оқып, мағынасын түсіну бағаланады.

Тестілеуге 1 сағат 10 минут беріледі. Ол онлайн форматта өтеді.

Қалай дайындалуға болады?

Тестке алдын ала дайындалғысы келетін азаматтарға бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін көмек көрсетеді. Мұнда мамандар ҚАЗТЕСТ қалай өтетінін түсіндіріп, дайындық тапсырмаларын береді.

Сондықтан тестке алғаш рет қатысатындар оның құрылымымен алдын ала танысып, бірнеше тапсырманы орындап көре алады.

Тесттен өте алмаса не болады?

Тесттен бірінші рет өте алмаған адам оны қайта тапсыра алады. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күн ішінде оны екі ретке дейін қайта тапсыруға мүмкіндік бар.

Тест прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Сол себепті тестілеу алдында компьютердегі камера мен микрофонның жұмысын және интернеттің тұрақты екенін тексеру қажет.