Бүгін, 10:47
Қоғам

«Арматура қағылған»: Астанада ғимарат қасбетіндегі темірлер тұрғындарды шошытты

Урбанистика орталығы ғимараттағы барлық сәулеттік бөлшек пен сәндік элемент сақталатынына сенімділік білдірді

«Арматура қағылған»: Астанада ғимарат қасбетіндегі темірлер тұрғындарды шошытты
Фото: Threads/asabina_tatyana

Астанада Кенесары көшесіндегі үйдің қабырғасына қадалған темірлер қала тұрғындарын шошытып жіберген. Қала урбанистика орталығы тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елорда тұрғыны Threads желісіндегі парақшада Кенесары көшесінде орналасқан ғимараттардың бірінің қасбетін жөндеу жұмысына наразылығын білдірді.

«Сіздердің осыған атсалысып жатқандарыңызға сенбеймін! Астанада қаншама керемет жоба жасадыңыздар, енді Кенесарының сәулетіне осылай ғана көңіл бөліп отырсыздар ма? Ондаған жылға төтеп берген сәндік сылаққа арматура қағылған. Бірақ ол сіздердің реновацияларыңызға төтеп бере алмайтын шығар?» – деп жазды ол.

Бұл өтінішке жауап берген Астана урбанистика орталығы ғимараттағы барлық сәулеттік бөлшек пен сәндік элемент сақталатынына сендірген. 

«Олар алдын ала сканерленіп, қазір бастапқы үлгісіне сай табиғи тастан қайта жасалып жатыр. Қазір бұл элементтерді дайындау жұмысы жүріп жатыр. Қасбеттегі жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан қазір көріп тұрғандарыңыз – түпкілікті нәтижесі емес», – деп атап өтті орталық.

Әйел адам бастапқы сәндік сылақты қалпына келтіріп, ғимаратты сәулетшінің бастапқы жобасына сай қалдыруға неге болмайтынын сұрады.

«Астана жағдайында, өкінішке қарай, сылақпен қапталған қасбет ұзаққа шыдамайды. Уақыт өте келе ол жарылып, қабырғадан ажырай бастайды. Сондықтан бұл жерде табиғи тас қолдану арқылы анағұрлым ұзаққа жарайтын шешім қабылданды. Бұл ретте ғимараттың сәулеті мен сәндік элементтерінің барлығы сақталады. Сонымен қатар үйдің шатыры да қоса жөнделіп, ғимарат толық жаңартылып жатыр. Жұмыстардың аяқталуын күтіп, нәтижесін содан кейін бағалайық», – деп жауап берді орталық өкілі.