«Шайырдың шалдары, қайдасыңдар?»: Маңғыстаудағы айтысқа мас шыққан «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов жазаланды

Мақсат Ақанов сахнадағы бейәдеп қылығы үшін сынға қалды 

«Шайырдың шалдары, қайдасыңдар?»: Маңғыстаудағы айтысқа мас шыққан «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов жазаланды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

«Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мақсат Ақанов Маңғыстау облысы Шайыр ауылында өткен айтысқа мас шығып, халықтың ашуын туғызды. Оның айтыс кезінде біртүрлі қылып танытып, күліп, бейәдеп сөздер айтқан видеосын қазақстандықтар кешеден бері бір-біріне таратып жатыр. Халық киелі айтыс өнерінің абыройын айрандай төккен ақынды жазалау керек дейді.  Azattyq Rýhy тілшісі анықтағандай, бұл айтыс осыдан үш күн бұрын11 қыркүйек күні Маңғыстау облысының Шайыр ауылында елді мекеннің 100 жылдығына орай өткен екен. Қарағандылық ақынның сахнада өзін еркін ұстай алмай, әрең отырғаны және сөз саптауында қиындық болғаны анық байқалады. 

Желі қолданушылары ақынның бұл әрекетін сынға алып, сахна мәдениетіне сай емес деп бағалады. Бірқатар азамат ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы қайда қараған деп намыстанған. Айта кетейік, маңғыстаулықтар Шайыр ауылының 100 жылдығына ерекше дайындалған екен: ауыл шетіне көп кигіз үй тігіп, ұршық иірген 100 әйел 100 деген сан жазған. Айта кетейік, ауылдың 100 жылдығына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өзі барып, қатысқан.

Осындай ауқымды тойдың арасында айтыс да болған және сол айтысқа Мақсат Ақанов қатысып, мас шықққан. Видео резонанс тудырғаннан кейін желіде ақындар әріптесі Ақановқа қолдау танытып жатыр. Мысалы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы «Ақановтың еркелігін кешірейі» дейді. 

«Жаңа Мақсат Ақанов бауырыммен телефон арқылы сөйлестім. Өзінің кешегі ісіне өкініп отырғаны байқалды. Қателікті мойындай білу де ер азаматтың бір жақсы қасиеті ғой. Әйтпесе, «онда тұрған не бар» деп қасарысатындар да табылады. Бұл жолы серілігіне мастығы қосылып, бас білмеген асаудай бағынбай кеткен сияқты. Талантын былай қойғанда, азаматтығы биік екеніне талай рет куә болғанмын. Бұл жолы көз тиді ме, сөз тиді ме, оңбай сүрінген-ақ екен. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды. Жеке бір кәсіпкердің туған ауылына жасаған қызықтама айтысында болған жағдай екен. Айтыс ақындары одағы ұйымдастыратын ресми айтыс емес. «Ер салмағын ел көтереді, ел салмағын жер көтереді» дегендей, серінің бір еркелігіне кешіріммен қарайық, ағайын», - дейді Серікзат Дүйсенғазы

Яғни, оның айтуынша, Маңғыстаудағы бұл айтысты ұйымдастырған Айтыс ақындары одағы емес. Шайыр ауылының мерейтойына орай бұл айтысқа сол жердің кәсіпкері демеушілік жасаған көрінеді. Бұл мәліметті Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Аманжол Әлтай та растады. Оның айтуынша, Шайыр ауылындағы айтыс Айтыс одағының күнтізбелік жоспарына енбеген және оны жергілікті азаматтар мен жеке демеушілер ұйымдастырған. Осыған байланысты аталған айтыс ресми түрде одақ өткізген іс-шаралардың қатарына жатпайды.

Соған қарамастан, Аманжол Әлтай ақынның сахнадағы әрекетіне қатысты шара қабылданғанын айтты. Мақсат Ақанов бейәдеп әрекеті үшін алты ай мерзімге сахнадан шеттетілген.

Осылайша, әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты айтыс қауымдастығы тарапынан тәртіптік шешім қабылданды.