Бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін – Ресей ОСК төрайымы

Бүгін Астанадағы №282 сайлау учаскесіне Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова барды

Бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін – Ресей ОСК төрайымы
Фото: ҚР СІМ

Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру барысын қазақстандық және шетелдік бақылаушылар қадағалап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сайлау процесімен танысу мақсатында Астанадағы №282 сайлау учаскесіне Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова барды.

Ол дауыс беру барысымен танысып, сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысын және сайлаушыларға жасалған жағдайларды бағалады. Памфилова Ресей ОСК өкілдері Қазақстандағы сайлауларға бұған дейін де бақылаушы ретінде тұрақты қатысып келгенін, алайда Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде елге алғаш рет келгенін айтты.

«Қазақстандағы әр сайлауға Ресейден міндетті түрде менің әріптестерім келеді. Ал мен Орталық сайлау комиссиясының төрайымы ретінде алғаш рет келіп отырмын. Мен әріптесіме міндетті түрде келемін деп уәде берген едім. Өйткені бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан Құрылтайдың алғашқы сайлауы», – деді Элла Памфилова.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сайлау органдары арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Екі елдің мамандары сайлау процесін ұйымдастыру тәжірибесімен тұрақты түрде алмасып келеді. Ресей ОСК төрайымы Астанадағы бірнеше сайлау учаскесінің жұмысымен танысқанын айтты. Оның бағалауынша, учаскелер белгіленген уақытта ашылып, комиссия мүшелері өз міндеттерін жақсы орындап жатыр.

«Бүгін біз бірнеше сайлау учаскесіне бардық. Олардың барлығы уақытында ашылды. Комиссия мүшелерінің дайындығы өте жақсы. Оларды оқыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Әрқайсысы өз міндетін жақсы біледі, сайлаушыларға өте мұқият әрі сыпайы қарым-қатынас жасайды. Дауыс беру құпиясы қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары», – деді ол.

Сонымен қатар Элла Памфилова Қазақстандағы сайлау процесінде Ресейде қолдануға болатын бірқатар шешімдерге назар аударғанын айтты. Атап айтқанда, ол сайлаушы бюллетень алған кезде тізімнен өзінің жеке деректерін ғана көруге мүмкіндік беретін арнайы трафареттерге оң бағасын берді. Оның айтуынша, бұл тәсіл дауыс беру кезінде азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Мен бірнеше өте пайдалы шешімге назар аударып үлгердім. Маған жеке деректердің толық құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін трафареттер өте ұнады. Сайлаушылар бюллетень алған кезде қол қойған уақытта тізімнен тек өз деректерін ғана көреді. Бұл – өте жақсы шешім. Менің ойымша, біз де осы тәжірибені қолданамыз. Сонымен қатар назарымызға алған басқа да тұстар бар», – деді Памфилова.

Ресей ОСК төрайымы Қазақстанға сапары барысында өзге мемлекеттердің сайлау органдарының өкілдерімен де кездесіп, тәжірибе алмасқанын айтты. Оның мәліметінше, Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін 22 елдің өкілдері келген. Одан бөлек, мұндай кездесулер әр елдің сайлау процесін ұйымдастырудағы тиімді тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік береді.

Сөз соңында Ресей ОСК төрайымы Қазақстандағы дауыс беру күнінің сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру деңгейіне оң бағасын берді.