«Ел үшін тарихи маңызға ие»: Ақтөбе облысындағы байқаушы Құрылтай сайлауына баға берді
Бұл туралы «Әділет» партиясынан ресми байқаушы Гүлбаршын Ерғалиева хабардар етті
Бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы №414 сайлау учаскесінде дауыс беру таңертеңнен бері ұйымдасқан түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әділет» партиясынан ресми байқаушы Гүлбаршын Ерғалиева сайлау учаскесіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Мен таңғы уақытта өзім тіркелген №414 сайлау учаскесіне ерте келдім. Сайлау барысы қарқынды өтіп жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары, халық тың серпіліспен келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Жалпы, тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі», – деді Гүлбаршын Ерғалиева.

Байқаушының айтуынша, сайлау учаскесі белгіленген уақытта Әнұранмен ашылып, дауыс беруге қажетті барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сай жүргізілген.
«Байқаушы ретінде дауыс беру процесін жіті бақылауда ұстап отырмын. Учаскеде тәртіп пен тыныштық сақталған, алғашқы сайлаушылар да өз азаматтық таңдауын жасап үлгерді. Бүгінгі Құрылтай депутаттарының сайлауы ел үшін тарихи маңызға ие», – деді ол.
Гүлбаршын Ерғалиева жаңа Құрылтай депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтып, олар қоғамның талап-тілегін мемлекеттік билік органдарына жеткізіп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады деген сенім білдірді.