Шымкентте шетінеген сәбилер тамақтан емес, газдан уланған болуы мүмкін
Шетінеген балалардың анасы жерлеу рәсімін өткізу үшін ауруханадан шығарылған
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті 3 қараша күні «тамақтан уланудан» бір отбасының екі баласы көз жұмғанын хабарлаған болатын.
Дәрігелер отбасы мүшелерінің неден уланғанын нақты айта алмай отыр. Олардың айтуынша, жедел жәрдем алғаш рет көмек көрсетуге барғанда отбасындағы екі баланың 3 рет құсқаны белгілі болыпты. Мамандар сол жерде қажетті ем-домын жасап, кетіп қалған. Алайда, таңғы сағат 9 шамасында жасалған екінші рет шалынған қоңыраудан кейін жедел жәрдем қайта келгенде, денсаулығы нашарлаған отбасы мүшелерінің саны 4-ке жетіпті.
«Жұқпалы аурулар ауруханасына анасы мен екі баласы жеткізілген. Ауруханаға түскенде бір баланың жағдайы нашарлап кеткен. Оған қабылдау бөлімінде реанимациялық көмек көрсетілгенмен, 2015 жылы туған бала көз жұмды. Инфекционист дәрігер қалған науқастарды қарау барысында «газ араласқан заттан уланған болуы мүмкін» деген болжам жасап, анасы мен баласы Шымкенттегі гипербарикалық оксигенация орталығының таксикология бөліміне жатқызылған. Ол жақта да көрсетілген емдік шаралаға қарамастан екінші баланың денсаулығы нашарлай бастады. Салдарынан 2018 жылы туған сәби таксикология бөлімінде шетінеп кетті. Қазір гипербарикалық оксигенация орталығында сол отбасының 2008 жылы туған қызы жатыр. Жағдайы – орташа ауыр. Анасы кеше үйіне шығарылды», - дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная.
Науқастар ауруханаға түскеннен бастап дәрігерлер құзырлы органдарға хабар берген. Қазір сот-медициналық сараптама қортындысын күтіп отыр. Өйткені, отбасы мүшелерінің неден уланғаны әлі белгісіз. Ол жеген тамақтан немесе ауамен тараған газдан болуы мүмкін. Дәрігерлер отбасы мүшелерінің сөзіне сүйене отырып, бұл жағдай үйдегі газ балонның аузы барынша дұрыс жабылмағандықтан болуы мүмкін деген болжам айтады.
«Жедел жәрдем алғаш рет көмек көрсеткеннен кейін балалардың жағдайы түзелгендей болып, ата-анасы ауруханаға барудан бас тартқан. Жедел жәрдем де өз уақытында келген. Өкінішке қарай, балалардың ағзасына түскен улы зат өте қауіпті болып отыр», - дейді Инна Глазебная.
Арай Есенбек, Шымкент