Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 176 теңге
2019 жылдың қаңтар айындағы ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері 26 915 теңге болған
Статистика комитеті Қазақстан бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі қазан айында 32 176 теңгені құрады, деп хабарлайды.
«Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 2019 жылғы қазанда 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 21,7% жоғарылады. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі – 19,4%, сүт, тоң май өнімдері мен жұмыртқаны – 14%, жемістер мен көкөністерді – 12,7%, нан және жарма өнімдерін – 7,1%, қант, шай және дәмдеуіштерді 1,8% құрады», - деп жазады Статистика комитеті.
Ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс. Ең төмен тұтыну себетi адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесінен тұрады. Ең төмен күнкөріс деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну себеті құнының 45 пайыздық мөлшерінде белгіленген.