«Барып тұрған даңғазалық»: қажылыққа 100 рет барған қазақ Алматыда аста-төк той жасады (ФОТО)

Жарияланған:
04.11.2019, 15:33

23 жылда 100 рет қажылыққа барған Аменгелді Еренғайыптың тойына 400 қонақ келген

«Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті осы уақыт аралығында 16 мың адамды ақылы қажылыққа да апарған. Ал, өзі болса ең алғаш рет қасиетті Меккеге 1996 жылы кемемен барыпты. Тіпті, саудиялық шейхтардың қолынан атақ пен бағалы сыйлықтар да алдым дейді 100 дүркін қажы.

Имам Ағзам қажылыққа – 40 рет, Амангелді Еренғайып 100 рет барған

«Шүкіршілік тойына» Пайғамбардың тікелей ұрпағы саналатын Шейх турки Әш-Шәриф, Иордания королі Абдулланың кеңесшісі, Пайғамбар ұрпақтары қауымдастығының Палестина мемлекеті бойынша президенті Шейх Мәзин Әш-Шәриф, сондай-ақ, екі бірдей экс-мүфти Рәтбек Қажы Нысанбайұлы мен Әбсаттар қажы Дербісәлі және алыс-жақын шетелден құрметті қонақтар келген.

22 рет үлкен қажылыққа, 78 рет Умра қажылығына барғанын айтқан Аменгелді Еренғайыпұлы өзінің бұл тойын «Мекке-Мәдинаға 100 сапар» деп атапты.

«Қай күні қажылықа аттанғаным мен келгенімді 2001 жылдан бері жазып келе жатырмын. Өз компаниям арқылы 16 мың адамды Саудияға апарып келдім. Дінге қосқан еңбегім үшін арабтардың қолынан екі рет Кису (Қағбаның сыртқы жамылғысы) алдым. Сыйға берді. Екінші рет Әл-Ақса мешітінің күмбезін ауыстырғанда, сол күмбездің таза алтын бөлігін сыйлыққа берді. Ал, бұл тойды жасауымның себебі – Аллаға шүкір қылу керек болды. 100 мәрте қажылыққа барғанымды елге айтудың қаншалықты дұрыс екенін ойланып жүрдім. Имам Ағзам 40 рет қажылыққа барған. Оны біреуге айтпаса жұрт қайдан біледі? Енді 100 рет шақырса неге тәуба етпесе?! Арабтармен де, осындағы мүфтияттың пәтуа бөлімімен де ақылдастым. Ойлана келіп, той жасап, мұны жұртқа айтқым келді», - деді Амангелді Еренғайып.

«Барып тұрған даңғазалық...»

Ал, дінтанушы Мұхиддин Исаұлы көрінгенді себеп қылып той жасау – барып тұрған даңғазалық дейді. Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы қазақ қоғамындағы тойдың тәртібін, қағидасын биліктің өзі реттеп беру керек деп есептейді.  

«Жалпы біреудің жеке тойына тікелей пікір айта алмаймын. Ал, жалпы той жасау бәсекелестік пен ысырапшылққа жол беруге айналды. Даңғазалық. Қазір жағдайы барлар да, жағдайы жоғы да елден қалыспай жанталасып той жасауға құмар. Той жасаудың өз жөні бар. Оны біз емес, билік реттеу керек. Қазіргідей жалғызбасты аналар ашынып, қиын жағдайын айтып жатқанда аста-төк той жасау орынсыз. Бәсекеге айналған даңғазалықты тоқтататын кез келеді. Халықтың да жағдайын ойлау керек. Қымбат тойханаларға қымбат әншілерді шақырып, ақшаны бір күндік той үшін жинау қазаққа береке әкелмейді. Бұл қоғамның берекесін қашырады. “Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді” демекші, қазақтардың той бәсекелесі тек мейрамхана қожайындарын ғана байытып жатыр», - деді дінтанушы ғалым Мұхиддин Исаұлы.

Танымал дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы болса Амангелді Еренғайыптың арнайы шақырған тойына бармаған. «Нұр-Мүбарак» мешіті бас имамының пікірінше, «бәлен жыл құлшылық жасадым» деп той жасау ақылға сыймайды. Аталарымыз тек қасиетті жерге барып келген адамнан тәбарак алып, ғибратты әңгімесін тыңдап, зәмзәм суынан ауыз тиюмен ғана шектелген дейді ол.

«Ысыраптың кез келген түрін дін құптамайды. Харам деп патуа беруден аулақпыз. Балам мектепке барды, мектепті бітірді, 25 жас, 30 жас, отасқанына 10 жыл, 30 жыл, 40 жыл деген желеулермен той жасауды мен өзім құптамаймын. Біріншіден, бұл айналып келгенде ысырапшылыққа жол беру. Екіншіден, қазақта той кем дегенде бес сағатқа созылатыны, уақытында басталмайтын тағы бар. Оған дайындық, сыйлық іздеу сынды толып жатқан дүниелері бар. Сонда бір адамның кемінде 7-8 сағат уақытын алады. Аптасына екі-үш рет жайбарақат той тойлап жүрген қазақ қашан жұмыс істейді?» - дейді дінтанушы.

Ол да қазақ тойының формасын өзгерту керек деп есептейді.

«Бәлен мың долларға торт алыпты, лимузин жалдапты деген мақтаншақтықтан арылу керек. Өсеміз, өнеміз, дамимыз десек тойдың форматын өзгерту керек. Қажылыққа барып келген адамдардан ғибаратты әңгіме тыңдап, тәбарак алу үрдісі болған. Үй тар болса, кеңірек жерде жасауға болады оны. Бірақ, 100 рет қажылыққа барып келдім деп той жасауды құптамаймын. Мен ол тойға қонақ ретінде шақырылдым. Бірақ, құптамаған соң бармадым. 100 рет зекет бердім, 100 рет намаз оқыдым деп ешкім той жасамайды ғой. Қажылықта та сол секілді құлшылық. 20 жыл болды намаз оқып жүрмін, «шүкір» деген желеумен той жасамайды ешкім. Сол секілді қажылыққа 10, 50, 100 рет бардым деген де жөн емес», - деді дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы.

«Бұрын мұндайды естіген емеспін...»

Ал, Мұхаммед пайғамдарбың 44-ұрпағы саналатын Шейх Турки Әш-Шәриф Меккеде тұрып, мұндай тойдың бұрын-соңды болғанын естімепті деп таңданысын жасырған жоқ.

«Басқа той болса келмес едім, Меккеде тұрып мұндайды естімеппін. Қажылыққа бір рет барған адамның бүкіл күнәсі кешіріледі. Ал, жүз рет барған адамның сауабын есептеуге сан жетпейді. Өзімен бірге қаншама адамды апарды. Сол сауаптарды Алла өзіне қияметте көрсетсін», - дейді пайғамбардың ұрпағы Шейх Турки Әш-Шәриф.

Ал, қымбат көлік пен бағалы сыйлықтардың астында қалған Амангелді қажы өзіне қарсы айтылған сын-пікірлердің ешбіріне ренжімей, шетелдік қонақтарын шығарып салған соң, 21 қазанда 101-ші қажылығына аттанбақ. Оның мақсаты - қажылыққа тағы да 100 мәрте бару.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Біздің ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біздің Telegram-каналдан оқыңыз
Өзге де қызықты мақалалар
Қазақстанда былтыр 700-ге жуық адам алкогольден уланып өлген
Қазақстанда ұялы байланыс операторларының қызметі қымбаттай ма?
Денис Теннің аты энциклопедияға енді

Сұхбат
Ресейде 800-900 мың қазақ өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар, кей дереккөзде 1,5 миллион деп жазылған
«Абайдың 45 сұрағына» Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берді 
Абайдың 45 сұрағына алғаш болып жауап берген - Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов
Бүгінде Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Күнкөріс қамымен шетел асып барғандардың көпшілігі визасыз жұмыс істеп жүр.