Түркістандық мұғалімге әуежайдағы әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалды
Алайда кейіннен желілік полиция бөлімі қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан
Түркістандық мұғалім Алматы халықаралық әуежайында «әдепке қайшы іс-әрекет жасағаны үшін» жұмыстан босатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мұғалімнің сөзі қауіп ретінде қабылданған
Әуежайдың қауіпсіздік қызметі жүргізген тексеріс кезінде мұғалімнің айтқан сөзі қоғамға қауіп ретінде қабылданған. Осыған байланысты оған Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Іс тоқтатылды
Алайда кейіннен желілік полиция бөлімі қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан. Сотта талапкер Е. өзінің жұмыстан босатылуын заңсыз деп тануды сұрады. Ол тәртіптік комиссия жұмыстан босату мәселесін қарау барысында бейтараптық танытпағанын, түсініктемелері ескерілмегенін, еңбек шартын бұзу туралы шешім қылмыстық іс ресми түрде тоқтатылғанға дейін қабылданғанын, Еңбек кодексінің нормаларына қайшы екенін атап көрсетті.
Мұғалімнің талабы қандай
Осыған орай талапкер соттан:
- еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды;
- жұмыстан босатудың негізін «тараптардың келісімі бойынша» деп өзгертіп, еңбек кітапшасына тиісті түзету енгізуді;
- моральдық зиянның орнын толтыруды сұраған.
Тараптар татуласты
Сот талқылауы барысында татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде бірінші сатыдағы сот тараптардың өзара келісімге келуіне қол жеткізді. Нәтижесінде тараптар арасында татуласу келісімі жасалып, ол сотпен бекітілді.
Келісімнің шарттарына сәйкес, білім беру ұйымы еңбек шартын бұзу туралы бұйрыққа, «enbek.kz» онлайн платформасындағы және мұғалімнің еңбек кітапшасындағы жазбаларға тиісті өзгерістер енгізуге міндеттелді.
Тараптардың міндеттемелері орындалғаннан кейін бір-біріне қатысты шағымдары болмайтыны жөнінде түсіндірілді. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.