Әскери білім мен жоғары технология: ҚР Қарулы күштері жаңа буын мамандарын даярлауға басымдық беріп отыр

Әскери білім алғасы келетін жастардың қатары көбейіп келеді

Әскери білім мен жоғары технология: ҚР Қарулы күштері жаңа буын мамандарын даярлауға басымдық беріп отыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгінде әскери саланың сипаты айтарлықтай өзгерді. Бұрын әскери қақтығыстардың нәтижесі қару-жарақ пен әскери техниканың қуатымен бағаланса, бүгінде ақпараттық кеңістікті қорғау, радиоэлектрондық күрес жүргізу және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тиімді пайдалану шешуші факторлардың біріне айналды. Сондықтан Қазақстан Қарулы күштерінде жаңа буын әскери мамандарын даярлау мен әскери білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл бағыттағы жұмыс әскери оқу орындарынан бастап жауынгерлік дайындыққа дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Басты мақсат – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделген, озық технологияларды еркін меңгеретін кәсіби әскери кадрлар қалыптастыру.

Әскери білім жаңа талаптарға бейімделіп жатыр

Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев әскери білім беру жүйесі жаңарып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, бүгінде еліміздегі әскери білім беру жүйесі 9 оқу орнын біріктіреді. Оның құрамында үш әскери институт, бес әскери колледж және Ұлттық қорғаныс университеті бар. Жүйе техникалық және кәсіптік білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі барлық білім беру сатыларын қамтиды.

Биыл әскери институттарға 723, ал әскери колледждерге 760 орын бөлінген. Курсанттар мен кадеттер оқу барысында мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіледі. Оқуды тәмамдағаннан кейін олардың барлығы Қарулы күштердегі әскери лауазымдарға тағайындалады.

Полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, қазіргі реформалардың басты бағыты – тәжірибеге негізделген білім беру мен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу.

«Заманауи қарулы қақтығыстар әскери кадрларды даярлауда жаңа тәсілдерді талап етеді. Сондықтан оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік, криптология, радиоэлектрондық күрес, әскерді автоматтандырылған басқару жүйелері, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары бойынша пәндер белсенді енгізіліп жатыр», – деді Мұрат Олжабаев.

Министрлік мәліметінше, әскери білім алғасы келетін жастардың қатары көбейіп келеді.

Радиоэлектрондық күрес – қазіргі армияның маңызды бағыты

Қазіргі әскери операцияларда ақпараттық кеңістікті бақылау ерекше маңызға ие. Сондықтан радиоэлектрондық күрес мамандарын даярлау Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығындағы негізгі бағыттардың біріне айналып отыр.

Арнайы оқу-жаттығулар барысында әскери қызметшілер байланыс жүйелерін қорғау, радиосигналдардың көздерін анықтау, басқару арналарының тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы әрекет ету тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгеріп жатыр.

43988 әскери бөлімі командирінің орынбасары – штаб бастығы, подполковник Азамат Асқардың айтуынша, қазіргі ұрыс қимылдары әскери мамандардың үздіксіз кәсіби жетілуін талап етеді.

«Қазіргі уақытта ұрыс тек жерде немесе әуеде ғана емес, сондай-ақ радиоэфирде де жүріп жатыр. Сондықтан радиоэлектрондық күрес мамандарын дайындау – жауынгерлік әзірліктің басты бағыттарының бірі. Біз заманауи радиоэлектрондық күрес құралдарын зерттеп қана қоймай, Қарулы күштердің түрлері мен әскер тектері өкілдерінің өзара бірлесіп жұмыс істеуіне баса назар аударып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – байланыс жүйелерін қорғау, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді анықтау және оларға қарсы тұрудың ортақ тәсілдерін әзірлеу», – деді ол.

51809 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Ерік Қасымбеков мұндай жаттығулардың тәжірибелік маңызы жоғары екенін айтты.

«Шынайы ұрыс даласына барынша жақындатылған жағдайда іс-қимылдарды пысықтайтын практикалық бөлімнің пайдасы зор. Мұнда шыңдалған дағдылар әскери нысандарды қорғау және заманауи қатерлерге лайықты соққы беру тапсырмаларын сапалы орындауға септігін тигізеді», – деді капитан Ерік Қасымбеков.

Заманауи армия – технологиялық армия

Әкери білімнің халықаралық бағыты да дамып келеді. Қазіргі уақытта 300-ден астам қазақстандық курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей, Әзербайжан, Армения және Беларусь елдерінің әскери жоғары оқу орындарында білім алып жүр.

Қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әскери техниканы жаңартумен ғана шектелмейді. Ең басты міндеттердің бірі – жаңа технологияларды меңгерген, күрделі ақпараттық жүйелермен жұмыс істей алатын және өзгермелі қауіпсіздік жағдайында жедел шешім қабылдайтын кәсіби мамандарды даярлау. Осы тұрғыдан алғанда әскери білім беру жүйесін жаңғырту, радиоэлектрондық күрес бағытындағы дайындықты күшейту және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту Қазақстан армиясының заманауи талаптарға бейімделуінің маңызды кезеңіне айналып отыр.