Қазақстанда мерез қайта өршіп барады: ең қауіпті өңірлер белгілі болды
Өткен жылы елімізде алғаш анықталған жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың 11,3 пайызы мерездің үлесіне тиесілі болды
Қазақстанда мерезбен алғаш ауырғандар саны биыл қайта өсе бастады. 2026 жылдың алғашқы үш айында әр 100 мың тұрғынға шаққанда 9,4 жағдай тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,9 пайызға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ranking.kz зерттеуіне сілтеме жасап.
Алайда бұл көрсеткіш елдің барлық өңірінде бірдей емес. Мәселен биыл 20 өңірдің 10-ында мерезбен алғаш ауырғандар саны артқан. Әсіресе Атырау облысында өсім 4,9 есеге жетсе, Қызылорда облысында 4,5 есе көбейген. Шымкентте де жағдай алаңдатарлық – мұнда сырқаттанушылық 72,5 пайызға артқан.
Дегенмен кей өңірлерде керісінше оң өзгеріс байқалады. Қарағанды облысында мерезге шалдыққандар саны 33,7 пайызға азайса, Жетісу облысында – 27,1, Шығыс Қазақстан облысында 27,3 пайызға төмендеген. Бірақ мамандар бұл мәліметтерге біржақты баға беруге болмайтынын айтады. Өйткені көрсеткіштің өсуі әрдайым аурудың жаппай таралғанын білдірмейді. Кей жағдайда халықтың көбірек тексерілуі, алдын алу шараларының күшеюі және жасырын жүрген науқастардың анықталуы да статистикаға әсер етеді.
Төрт жылдағы көрсеткіш не дейді?
Қысқа мерзімдегі өсімге қарамастан, соңғы бірнеше жылдың көрінісі басқаша. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылдан бері Қазақстанда мерезбен алғаш ауырғандар саны біртіндеп азайып келеді. Төрт жылдың ішінде жаңадан тіркелген жағдайлар шамамен үштен бірге, яғни 29,5 пайызға қысқарған. Өткен жылы елімізде мерездің әртүрлі сатысы алғаш рет 1,7 мың адамнан анықталған. Алайда Қазақ ғылыми дерматология және инфекциялық аурулар орталығының мамандары ресми мәліметтер шынайы жағдайды толық ашпауы мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, соңғы жылдары науқастардың едәуір бөлігі мемлекеттік емханалардың орнына жеке медициналық орталықтарға қаралатын болған. Ал жеке клиникалардың бәрі бірдей жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жөнінде мемлекеттік базаға ақпарат жолдай бермейді. Соның салдарынан кейбір науқастар ем алғанымен, ресми есепке енбей қалуы ықтимал. Сондықтан қағаз жүзінде ауру азайып жатқандай көрінгенімен, оның нақты таралу деңгейі бұдан өзгеше болуы да мүмкін.
Неліктен мерез қауіпті?
Мерез Қазақстанда ең көп таралған жыныстық жолмен берілетін инфекция емес. Соған қарамастан дәрігерлер бұл дертке ерекше мән береді. Себебі дер кезінде емделмеген жағдайда инфекция жүйке жүйесін, миды, жүрек пен басқа да ішкі ағзаларды зақымдап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Өткен жылы елімізде алғаш анықталған барлық жыныстық жолмен берілетін инфекцияның 11,3 пайызы мерездің үлесіне тиесілі болды. Оның үстіне басқа инфекциялармен салыстырғанда мерездің азаю қарқыны да баяу. Мәселен, бір жыл ішінде бұл ауру небәрі 1,6 пайызға ғана төмендеген. Ал трихомониазға шалдыққандар саны бірден 19,4 пайызға қысқарған. Урогенитальды хламидиоз 12,8 пайызға, ал гонококк инфекциясы 12,3 пайызға азайған.
Жалпы алғанда, соңғы бес жылда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша жағдай жақсарған. Егер 2021 жылы әр 100 мың тұрғынға шаққанда 101,8 жағдай тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 73-ке дейін төмендеген. Осы аралықта алғаш анықталған науқастар саны да 19,3 мыңнан 14,9 мың адамға дейін азайған.
Мамандар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Соңғы жылдары алдын алу жұмыстары күшейді, анонимді тексерілу мүмкіндігі кеңейді, халықтың денсаулыққа жауапкершілігі арта бастады. Сонымен қатар эпидемиологиялық бақылау жүйесі де жетілдіріліп келеді.
Жалпы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша жалпы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген. Соған қарамастан ең жоғары сырқаттанушылық Алматыда тіркелген – 100 мың тұрғынға шаққанда 251,6 жағдай. Одан кейін Шымкент (157,6) және Солтүстік Қазақстан облысы (125,4) тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Абай облысында байқалған – небәрі 3,4 жағдай.
Дәрігерлер көбейгенімен, мәселе толық шешілген жоқ
Соңғы төрт жылда елімізде дерматовенеролог дәрігерлердің саны 22,2 пайызға артқан. Егер 2021 жылы бұл салада 747 маман еңбек етсе, өткен жылы олардың саны 913-ке жеткен.
Алайда өңірлерге шаққанда жағдай мұнда да әркелкі. Былтыр Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында осы сала мамандарының саны азайған. Дәл осы өңірлерде мерезбен сырқаттанушылықтың өсуі тіркелген. Сарапшылар мұны кездейсоқ сәйкестік болуы да мүмкін екенін айтқанымен, маман тапшылығы медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Арнайы кабинеттердің саны да өңірлерге қарай әртүрлі. Мәселен, халқы 820 мыңнан асатын Қостанай облысында 29 дерматовенерологиялық кабинет жұмыс істейді. Ал халқы бір жарым миллионға жуықтайтын Шымкентте олардың саны небәрі алтау.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда соңғы жылдары мерез де, басқа жыныстық жолмен берілетін инфекциялар да азайып келеді. Бірақ биылғы алғашқы тоқсанда мерездің қайта өсуі, кей өңірлердегі күрт өзгерістер және сарапшылардың статистикаға қатысты күмәні бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Сондықтан бүгінгі басты міндет – тек ауруды емдеу ғана емес, оның нақты қаншалықты таралғанын дәл анықтау. Өйткені шынайы статистикасыз тиімді алдын алу бағдарламасын жасау да, халықтың денсаулығын қорғау да қиын. Мерез толық емделетін дерт болғанымен, оны дер кезінде анықтау мен барлық жағдайды толық есепке алу әлі де маңызды мәселе болып қала береді.