«Балаларды қорлаған әр қылмыскердің жазалануына күш саламыз» - Аружан Саин Сәтпаевтағы оқиға жайлы
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Сәтпаев қаласындағы 5 жасар қыздың ұрлану оқиғасына қатысты пікір білдірді
Аружан Саин Сәтпаевтағы оқиғаның құрбаны болған баланың анасымен және жауапты орган басшыларымен байланыста екенін мәлім етті.
«Мен Сәтпаевтағы оқиға бойынша баланың анасымен телефон арқылы байланысып отырмын. Сот-медициналық сараптама жүргізілді. Біз ары қарай жүргізілетін жұмыстар, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету туралы әңгімелестік. Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мен бұл істі барлық бағытта бақылауда ұстаймын», - деп жазды Аружан Саин Facebook желісінде.
Аружан Саин сонымен қатар Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновпен сөйлескенін жеткізді.
«Облыс әкімінің орынбасарынан отбасымен тезірек ювениалды адвокат байланысып, істі қарауын сұрадым. Жақсы психолог маман керек екенін жеткіздім. Себебі, балаға қарсы жасалған қылмысты тергеуге психолог міндетті түрде араласқаны жөн. Балаларға жасалған сексуалды зорлық бойынша қылмыстық істерді жүргізіп жатқанымызға бірнеше жыл болды. Мұндайды есту өте ауыр. Балаларға қарсы осындай қылмыс жасайтын әр адамның жазалануына барынша күш саламыз», - деп жазды ол.
Еске сала кетсек, бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтпаевтағы бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берген болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сәтпаев қаласындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді.