Президент Сәтпаев қаласы және Шорнақ ауылындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді
Президент Сәтпаевтағы жағдайдың қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беруді тапсырды
Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ. Президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар, ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына Сәтпаев қаласында кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған тұрғынға қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сатпаев қаласының Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды.
Сондай-ақ 20 шілде күні Түркістан облысы Шорнақ елдімекенінде ішімдік ішкен азамат өз ауылдасына қоқан-лоққы көрсеткендіктен, екі тараптың арасында төбелес басталған.