$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.07.2020, 12:22
Қоғам

Өз әріптестерімізді жедел жәрдеммен алып кеткен сәт қиын болды – дәрігер

Бүгінгі күннің батырлары індетпен қалай күресіп жатқаны туралы айтты

Өз әріптестерімізді жедел жәрдеммен алып кеткен сәт қиын болды – дәрігер
Фото: ашық дерек көздерінен

Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер бүгінде өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, ел тұрғындарының денсаулығы үшін күресіп жүр.

Azattyq Rýhy тілшісі еліміздің әр өңірінде індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге хабарласып, олардың бүгінгі таңдағы жағдайы қандай, дәрі-дәрмек тапшылығы әлі де бар ма, үстемақылары қалай берілуде және оларға қандай қолдаулар көрсетіліп жатыр деген сұрақтардың жауабын білуге тырысты.

БІЗДІ ҚОЛДАҒАНДАРҒА МЫҢ АЛҒЫС

Шолпан Қабыловна, Шымкент қаласы Жедел жәрдем бригадасының дәрігері:

Наурыз айынан бері осы індетпен күресіп келе жатырмыз. Өте қиын жағдайды бастан өткерген күндеріміз болды. Осыдан екі апта бұрын шақыртуларға үлгермей кетіп едік. Қазір  науқастар саны саябырсыды. Әсіресе, бірге жүрген әріптестеріміз ауырып, өз бекетіміздегі қызметкерлерімізге барған сәттер қиынға түсті. Себебі, кеше ғана арамызда бірге жұмыс істеп, күліп-ойнап жүрген жақынымыз бір сәтте аурухана төсегінде жатады. Індет басталғалы шыдамдылық танытуға тырысып жатырмыз. Біздің де шаршап кететін кездеріміз болады. Оның үстіне, Шымкентте күн ыстық, костюммен жүрудің өзі оңай емес. Ауыр дәрежедегі науқасты тасымалдаған сайын, формамызды ауыстырамыз. Жалпы, ереже бойынша 4 сағат сайын костюмдерімізді ауыстырып отырамыз. Көп шақыртулар кешкі сағат 19:00-20:00 шамаларында болады. Күніне орта есеппен, 1500 шақырту түседі, әр бригада 18-20 науқасқа барып шығады.

Қазір дәрі-дәрмек тапшылығы азайды, костюмдеріміз де жетерлік, өкпені жасанды желдету аппараттары да келді. Мұның өзі біздің жұмысымызды кәдімгідей жеңілдетті. Соңғы екі апта болды, провизорлық орталықтарда стационарлардың тамағын дайындауда. Үш күн сайын ауысымға 350-400 адам түседі, бұрын провизорлық орталықта 40-70 адам істейтін. Біздің санымыз көп, тапсырыс алушы тамақ жеткізу жағынан бәрімізді бірдей қамтамасыз ете ала ма екен деп уайымдағанбыз. Қазір Kaspi.kz бізге ыстық тамақ ұйымдастырып, жеткізіп жүр. Осы сәтті пайдаланып, қызметкерлеріміздің атынан компания ұжымына үлкен алғыс білдіргім келеді. Біздің жұмыста әр минутымыз санаулы, түскі асымызды жол-жөнекей ішіп, шақыртуларға кете береміз.  Kaspi.kz мұны да ойластырған. Одан бөлек, қаламыздағы тәтті пісіретін кондитерлік орталықтар шәйға деп тегін тәттілер жеткізеді. Біреулер бізді сөгіп жатса, енді біреулер осылай қолдау көрсетіп, көңілімізді көтеріп жатыр. Бәріміз бірлікте болсақ, бұл індетті де жеңетінімізге күмәнім жоқ.

ӨЗ ЖАҚЫНДАРЫҢДЫ ЕМДЕУ ҚИЫН

Әбіләзім Әбдіғабит, Қызылорда облыстық фтизопульмонология орталығының директоры:

Коронавируспен күресіп келе жатқанымызға жарты жылдай уақыт болды. Осы аралықта неше түрлі жағдайды басымыздан өткердік. Дәрігерлер үшін ең қиыны – өз туыстары мен бауырларын, ата-анасын емдеу болды. Біздің орталық күні бүгінге дейін 530 науқас емдеп шығарды, оның 5-і көз жұмды. Үшеуінің жүрек ауруы бар, біреуі ота жасатқан, енді біреуі қант диабетімен ауыратын еді. Бізде инфекциямен күресіп жатқан дәрігерлер саны – 8, орталықта жалпы саны 121 дәрігер бар. 

Бүгінгі таңда қажетті дәрі-дәрмек, қорғаныш костюмдері 1,5 айға жетеді. Қазір орталықта 91 науқас емделіп жатыр. Провизорлық стационарда COVID-19 жұқтырған науқастар жоқ. Жатын орын, тамақпен әкімдік, еріктілер мен кәсіпкерлер толық қамтамасыз етіп жатыр. Бұл вируспен өзім де ауырып шықтым. Басында оттегі аппараттары жетіспеушілігінен қиналған едік, қазір олар толық жеткілікті. Жуырда ғана Түркия еліндегі қазақтар қауымдастығы бізге өкпені жасанды желдету аппаратын әкеліп берді. Халық қазіргі таңда вирустың қаншалықты қауіпті екенін түсініп қалды. Еліміздің әрбір тұрғыны ең алдымен өзі үшін, содан соң жақындары мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптарды орындап, қоғамдық шараларды уақытша тоқтатса дейміз. Қазір бәріміз шыдамдылық танытуымыз керек. «Сақтансаң сақтаймын» демей ме, сондықтан бәріміз біріміз үшін сақтанып жүрейік! 

СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНЫП, ТАЗАЛЫҚҚА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

Ерлан Асқарұлы, Ақтөбе қаласы туберкулезге қарсы диспансердің пульмонологы:

Маусымның 25-і күні ашылған провизорлық орталығымыз 500 орындық, штаб бойынша 707 дәрігер үш ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымға 129 адам шығады. Арамызда облыстағы басқа өңірлерден келген 29 дәрігер бар. Олардың ішінде орта буынды, кіші буынды мамандар мен еріктілер бар. Дәрігерлерден 14 адам коронавирус жұқтырды, оның біреуі – өзіммін. Бір қуантатыны, соңғы аптада келушілер саны 41,9 пайызға түсті. Екі апта бұрын күніне 150-200 науқас қабылдаған кездеріміз болды. Қазір жабдықтау, дәрі-дәрмек жағынан мұқтаждығымыз жоқ. Науқастардың 90%-ы ауруды садақа, тойға барып жұқтырған. Тойға жас та, жасамыс та барады, ол вирус біреулердің ағзасында екі аптадан кейін пайда болады. Бүгін бір науқас садақадан соң ауруханаға түссе, үш-төрт күннен кейін соның таныс-туыстары түсіп жатады. Әсіресе, қарттар қатты қиналуда.

Бұл жаңадан келген ауру, оны емдейтін нақты дәрілер әлі табылмады. Сондықтан халыққа сауаттырақ болуға шақырамын. Бізге жаппай қоғамдық медицинаны дамыту керек. Ол – спортпен шұғылдану, гигена сақтау. Осы  арқылы өз денсаулығымызды күтуіміз керек. Қоғамдағы психологтар, дәрігерлер, БАҚ өкілдері қоғамдық медицинаны көп насихаттауымыз керек.

Айжан Бақдаулетқызы, Алматы

Серіктес жаңалықтары