«Екі сағатта 100 мың теңге жұмсадық»: Астанадағы Орталық саябақтағы ойын-сауықтың бағасын кім реттейді

Саябақтағы екі-үш минуттық қызықтың орташа бағасы – 2000 теңге

«Екі сағатта 100 мың теңге жұмсадық»: Астанадағы Орталық саябақтағы ойын-сауықтың бағасын кім реттейді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Анашым, саябаққа қашан барамыз?». Балалардың осы бір қарапайым өтініші Астанадағы ата-ананың қалтасына салмақ салары сөзсіз. Өйткені, қаладағы көп саябаққа батут, әртүрлі ойын-сауық пен ойыншық көліктер қойып, бизнес істейтіндер көбейген. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Орталық саябаққа барып, бес баласына кеткен шығынды өзі есептеді.

Бес баласы бар бұл отбасының үйден шығарда алып шыққан 100 мың теңгесі - небары екі сағатта жұмсалып кеткен. Сөзімізге дәлел болсын деп саябақтағы шығынның бәрін рет-ретімен жазып шықсақ: 

Айта кетейік, бес баланың үлкені  – 14 және 13 жаста. Олар аттракцион мен ойын-сауыққа аса қызыға қоймайды. Сондықтан негізгі шығын 11, 9 және 7 жастағы балаларға кетті.

Саябақ қақпасынан кіргеннен-ақ виртуалды шындық көзілдірігін ұсынған орындар көзге түсті. Түрлі бағдарламаларын көрген балалар бірден қызықты. Үш үлкені қорқынышты фильм көрді. Бағасы – әрқайсысына 2500 теңге. Екі кішісі динозаврлар әлеміне саяхаттады. Осы жердің өзіне 12 500 теңге жұмсалды.

Әдеттегідей саяқбақтың бұрыш-бұрышында түрлі-түсті шарлар, көбік ататын тапаншалар мен әлеуметтік желіде танымал ойыншықтар сатылып жатыр. Бағасына қарасаңыз, кәдімгі дүкендегіден екі есе қымбат. Мысалы, дүкенде 2000 теңгеге сатылатын ойыншықтың мұндағы бағасы -  4000 теңге. Шағын фольга шарлар – 1500 теңге, үлкендері – 2500 теңге. Бисерден тоқылған кішігірім моншақ ойыншыққа – 4000 теңге сұрайды. Балалармен сөйлесіп, бұл жолы ештеңе алмадық. Қуантарлығы, саябақ талап қойды ма, әлде басқа дүние әсер етті ме, сатушылар бұрынғыдай адамдарды сатып алуға шақырмайды екен. Тек тыныш қана көбік ататын тапаншаларынан көбіктерін шашып, «кішкентай» тұтынушыларын қызықтырып отыр.

Жолай балаларға арналған шағын көліктер де көзге түсті. Бұндай «көліктегі» 10 минуттық серуеннің бағасы – 2000 теңге. 

Ауа райы ыстық кезде кез клеген бала сұрайтын лимонад пен сүт коктейлінің бес балаға шаққандағы бағасы 6500 теңге болды. 

Келесі аялдама – дартс. Үш бала шар атып көрді. Бір ойынның бағасы – 2500 теңге. Барлығы 7500 теңге шықты. Жүлде бұйырмады. Есесіне ұйымдастырушылар құны 150-200 теңгелік көбік ойыншық сыйлады.

Одан кейін балалар батутқа барды. Үшеуі жарты сағат секіріп, оған 6000 теңге жұмсадық. Үлкен балаларды да құр қалдырмайық деп екі аттракционға отырғыздық. Бұл үшін шамамен 7000 теңге төленді.

Ал үш кішкентайымыз үш түрлі аттракционға мінді. Біреуінің бағасы – 1500 теңге. Жалпы шығын 13 500 теңгеге жетті.

Саябақтағы тағы бір қызмет бар. Фотографтар тойдағы әріптестері сияқты  келушілерді алдын ала ескертпей суретке түсіріп алады екен. Кейін дайын фотосуретті сатып алуды ұсынады. Кішкентай ғана суреттің бағасы 3000 теңгеден басталады. Бұл жолы суретке қолдағы смартфон камерасына түсейік деп шештік.

Біраз жүрген соң балалардың қарны ашты. Саябақ ішіндегі дәмханалардың біріне кіріп, жеті адамға 40 мың теңгеге тамақтандық. Балалар сүйіп жейтін бір пиццаның бағасы 4000 теңгеден басталады. Қалған бағаны әрі қарай бағамдай беріңіз. Оған қоса балмұздақ пен сусындарға тағы шамамен 6000 теңге жұмсалды. Сонымен барлық шығынды қосып есептегенде, балаларға ойыншық алып бермей-ақ, үнемдегеннің өзінде екі сағаттың ішінде шамамен 100 мың теңге жұмссалған. 

Айта кетейік, бұл – небәрі екі сағаттың ішінде жұмсалған қаражат. Әрине, тамақ пен сусынды үйден алып шықсаң, біраз шығынды қысқартуға болады.

Осы ретте, ата-ана ретінде заңды сұрақ туды: дүкен немесе маркетплейсте бірнеше жүз теңгеге сатылатын қарапайым заттардың бағасы неліктен саябақта бірнеше есе қымбатқа сатылады? Мәселен, кәдімгі шардың бір данасын интернеттен 100-200 теңгеге табуға болады. Ал саябақта дәл сондай шар 1500-2000 теңгеден сатылып жатады. Басқа ойыншықтардың бағасы одан да қымбат. 

 

Әрине, сатушылар жалдау ақысын төлейді, қызметкерлер ұстайды, өз шығынын жабады. Бірақ кейбір тауарлардың бағасы олардың нақты құнынан ондаған есе асып кетіп жатқан жоқ па? Ал бұл бағаның қалыптасуын кім қадағалайды? Баға саясатына жауапты органдар саябақтардағы сауда нүктелеріндегі жағдайға назар аудара ма? Әлде мұнда әр кәсіпкер бағаны өз қалауынша белгілей бере ме?

Одан бөлек, көп адам саябақтардың келбеті өзгеріп бара жатқанын байқағандарын айтады. Қазір көп демалыс орындарында классикалық аттракциондардан гөрі балаларға арналған көліктер, электромобильдер, VR-көзілдірікпен ойын ойнататын орындар, дартс пен түрлі ұтыс ойындары әлдеқайда көп.

Ал бұл қызметтердің барлығы қандай негізде жұмыс істеп тұр? Оларға рұқсатты кім береді? Қауіпсіздігін кім тексереді? Олар саябақ аумағында қандай талаппен орналасқан? Жалға алу конкурсы арқылы кірді ме, әлде кез келген кәсіпкер келіп орналаса бере ме?  Бағасын кім реттейді? Бірнеше минуттық көлік тебу немесе қысқа ғана VR-сеанс  аттракцион бағасынан да қымбатқа түседі. Бір бала көлікке мінгісі келеді, екіншісі виртуалды ойын көріп қызығады, үшіншісі ұтыс ойынына қатысқысы келеді. Нәтижесінде отбасының негізгі шығыны аттракциондарға емес, дәл осы қосымша қызметтерге кетеді.

Осы мәселелер бойынша редакция Орталық саябақ әкімшілігіне ресми сауал жолдады. Егер саябақ әкімшілігі дәйекті әрі дәлелді жауап ұсынса, матертиалдың екінші бөлімін жазамыз.