$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.07.2020, 15:49
Қоғам

«Қолдан алған қымыздың 30% су»: Алматы маңындағы стихиялы қымыз саудасы

Пандемия кезінде елде қымыз қымбаттап кетті

«Қолдан алған қымыздың 30% су»: Алматы маңындағы стихиялы қымыз саудасы
Фото: Марат Қалдыбаев

Қазақстанда жыл басынан бері ет, ұн өнімдері және сүт өнімдерін тұтыну артқан. Әлемдік пандемияға орай жарияланған төтенше жағдай тәртібі мен карантинге байланысты халықтың азық-түлікті көптеп сатып алуы қалыпты жағдай.  Energyprom.kz жазуына қарағанда биыл жоғарыдағы азық-түлік өндірісі елде 2%-ға артып, кәсіпорындар 743 миллиард теңгеге өнімдерін саудалаған. Бұған дәлел ретінде қаңтар-мамыр айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тағам өнімдерін тұтыну 18,8%-ға өскенін айтуға болады. Жоғарыдағы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша  Алматы облысы (110,3 млрд теңге), Алматы қаласы (95 млрд теңге) және Қостанай облысы (94,2 млрд теңге) сияқты үштік көш басында тұр.

Халықтың арасында сүт өнімдерін тұтыну бойынша көрсеткіштер де күрт өскен. Жыл басынан бері отандық өндірушілер 127 млрд теңгеге сүт өнімдерін шығарса, елдегі азық-түлікті тұтыну бойынша сүт және сүт өнімдері сегменті барлық ас өнімдерінің 17,1%-на тең. Алайда бұл өнімнің ішінде қымыз-шұбаттың үлесі қанша екендігі туралы нақты деректер жоқ. Десе де, соңғы бір айда, елде  COVID-19-ға орай жағдайдың ушығуына байланысты бие сүтіне деген сұраныс күрт артты. Әсіресе, пневмонияның алдын алу және одан емделіп шыққан соң денсаулықты қайта қалпына келтіру процесінде дәрігерлер де қымыз немесе шұбат ішуге кеңес береді.

Қымыз бен шұбат өндірісі туралы нақты статистиканы айту қиын дедік. Әр облыста бұл сусындардың өндірісі бойынша кәсіпорындар болғанымен, жеке адамдардың ұлттық сусынды  өз бетінше тұтынатынын немесе саудаға шығаратынын ескеру керек. Ендеше бұл туралы  қандайда бір нақты деректер жинау мүмкін болмады. Бірақ мамандар пандемияға байланысты қымызды ішу екі есеге артқанын жоққа шығармайды. Тиісінше, нарықтағы сұраныстың артуына байланысты оның бағасы да екі-үш есеге көтерілді.  

Оқи отырыңыз: Елімізде жарты жылда 400 тоннадан астам қымыз бен 1 мың тоннаға жуық шұбат өндірілді – АШМ

Алматыдағы орталық базарларда, оның ішінде «Береке» (бұрынғы көк базар-AR), «Сарыарқа» базары және өзге де карантинге жабылмаған ашық аспан астындағы сауда орындарында қымыздың бағасы бір литрі үшін 1000-1500 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал халық көп қатынайтын «Magnum» сауда желісінде қымыздың литрі сөреде 639 теңгеден тұр.   

Тұтынушылардың ең көп пайдаланатын Olx.kz онлайн хабарландырулар платформасында қымыздың бағасы 800 теңге мен 2500 теңге аралығында көрсетілген. Сайттағы жүздеген хабарландыруда ұлттық сусынның таза және оны үйге дейін жеткізіп беретіні жазылыпты.

Алматы сияқты ірі қалада онлайн-хабарландырулардан бөлек, шаһардан шыға берістегі күре жолдардың бойында қымыз саудасы қызып жатыр. Алматы – Талғар, Алматы – Көктал, Алматы – Бішкек, Алматы – Ұзынағаш және Алматы облысы Іле ауданы бағытындағы тасжолдардың бойында қымыз мол. Бірақ дәл қазір оның бағасы мен сапасына қатысты шағымдар халық арасында үдеген. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары ел-жұрт ауырып, ем іздегенде қымыз бағасының бірнеше есе қымбаттағанын сынап жатыр.

АЛМАТЫ – ТАЛҒАР ТАСЖОЛЫ БОЙЫНДА ҚЫМЫЗ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРҒАНДАР

Кегеннің қымызы. Алматы облысы Кеген ауданындағы  Тұйық жайлауынан өзі барып алып келетінін айтқан сатушы былтыр осы қымызды 500 теңгеден сатқан. Бүгін оның литрі 1000 теңге. Неге? Бұл сауалға сатушы мардымды жауап айта алмады.

 Талғар ауданы Тұздыбастаудағы «Бастау» кафесінің иесі пластик құтыны бөлек сатып алатынын және Кегеннен келетін қымызды делдалдар 1000 теңгеден әкеліп жатқанын айтып ақталды. Бірақ «Coca Cola» cусынының пайдаланылған құтысына құйылған 1 литр қымызды 1100 теңгеге сатып алдым. Ақшасын kaspi.kz қосымшасы арқылы аударуға болады. Осыдан кейін сатушының айтқанына сенуге бола ма?  

Тұздыбастау ауылдық округіндегі «Дәстүр» кешеніне қымызсүйер қауым жиі келеді. Бұл орталық қызметкерлері де ас мәзіріндегі бағаны 600-ден 1000 теңгеге түзеткен. Кафе әкімшілігінің бие сауатын өз шаруашылығы бар. Бірақ карантинге байланысты қызметкерлерді ұстап тұру үшін қымыздың бағасын 400 теңгеге көтеруге мәжбүр болған.

Талғар – Алматы тасжолының бойындағы «Белбұлақ» елдімекеніндегі мына киіз үйде қымыз, саумал, шұбат, құрт сияқты сүт өнімдерінің бәрі бар. Қымыз мұнда 800 теңгеден, ал саумал 700 теңгеден сатылуда. Бақанастан келген кәсіпкер биені тас жолдың бойына желіге байлап, халық алдын ала жазылу арқылы саумал ішеді.

Мына кісі отбасы мүшелерімен саумал ішуге келеді. Екі сағатта бір сауылатын биенің сүтін желінің басынан алып ішкен дұрыс дейді. Бірақ бағаның қымбаттығын ислам діні де қолдамайды. «Риба» араб тілінен аударғанда пайыз, өсім деген мағына береді. Бұл шариғат заңдылықтарына қарсы, сондықтан елді аты жаман ауру жайлағанда, шипалы өнімдерге баға қосып сатуға болмайды дейді бұл азамат.

Қазақтың ұлттық сусыны күбіде пісіледі. Ол ысталып, бабы келіп, ашыған соң қонағына тарту етіледі. Ал Талғар тасжолының бойында қымыздың берекесін кетірген сатушылар пластик бөшкеге құйып алып, пісіп жатыр. Антисанитарлық жағдайда саудаланып жатқан бұл қымыздың да бір литрі 1000 теңгеден кем емес. Қымыз сатып тұрған жас жігіт: «Жайлаудағы қойшылар бағаны 600 теңгеге көтерді. Алматыға келгенде 1000 теңге болады. Былтыр сол қойшылар 200 теңгеден өздері үйімізге әкеліп беретін еді...»

Мына әйел қымызды үйінде көтерме бағамен 800 теңгеден сатады. Ұзынағаш ауылынан 600 теңгеден әкеледі. Лаура есімді әйел: «Мына жақтан бір жігіттер келіп, қымызды 1000 теңгеге көтеріңіз. Бағаны түсірмеңіз деп ескерту жасап кетті. Бірақ маған осы да жетеді...»

Бұл жерде шұбат – 1200 теңге,  қымыз – 1000 теңге.

«ҚЫМЫЗДЫҢ ҚҰРАМЫНДА ҮШТЕН БІРІ СУ ДЕГЕН СӨЗ»...

Осы мәселеге орай, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Әсия Демеуханқызының пікірін білдік. Тағам қауіпсіздігі маманы жолдың бойынан, дәмханалардан және өзге де сенімсіз жерлерден қымыз, шұбат ішу адам денсаулығына қауіпті екенін ескертеді.

«Зерттеулерге сүйенсек, біз өзіміз де зерттейміз, шетелдік ғалымдар да зерттеп жүр. Қымыз бен шұбаттың құрамында иммуномодуляторлар, иммунитетті көтеретін қосылыстардың мөлшері көп. Басқа сүттермен салыстырғанда емдік қасиетінің болатыны рас. Бірақ ол қандай сапада дайындалады? Көбіне бие сүті мен түйе сүтін үй жағдайында дайындайды. Өндіріс орындары өте аз. Десе де, үлкен қалаларда дүкендердегі сертификатталған, арнайы қаптамадағы қымызды ішу керек.

Мысалы, дәл қазір мен қолдан алған қымызды тексеріп жатырмын. Арнайы зертханада тексергенде оның құрамынан 27 пайыз су шықты. Қымыздың құрамында үштен бірі су деген сөз. Түсініп отырсыз ба? Осы қымызды ішкен адам емделмек түгілі, керісінше, ауру болады. Оның 10 пайызын фермадан қосады, жолдан сатып алған адам қосады, содан соң қалаға келіп сататын адам тағы 10 пайыз су араластырады. Ол ыдыстан ыдысқа құйылады. Бұл жұқпалы аурулардың тарауына себеп болады. Сонда тағам қауіпсіздігі және пандемиямен күрес деген бос сөз болып қалады.

Қазір көптеген адамдар желінің басына барып, жылыдай саумал ішеміз деп жатады. Оның ішіп жатқаны саумал емес, жәй сүт. Оның ағзаға пайдасы жоқ. Саумал бір түн асқан бие сүті. Толық ашымаған қымыз. Сол кезде ғана пайдасы болады. Саумал деген – қымыз. Қазақ саумал іш дегенде, биеден жаңа сауылған сүтті айтпаған. Осыны естен шығармау керек. Ал Талғар немесе өзге де жолдың бойында сатылып жатқан қымызды алып ішу денсаулыққа зиян», - дейді ғалым.

Талғар ауданының әкімдігі стихиялық немесе санитарлық талаптарды сақтамай сауда жасап тұрғандарға қатысты нақты қандай шаралар қолданады? Қазақтың қасиетті сусынын пайда көзіне айналдырып, ойға келген бағамен сатуға байланысты аудандық құзырлы органдар мен фискальдық мекемелердің жұмысына қатысты аудан басшысы Жолан Омаровтан Azattyq Rýhy  редакциясы ресми жауап күтеді. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары