Атырау облысында маусымнан бері 122 адам пневмониядан қайтыс болған
Облыста қазір 5809 адамның өкпесі қабынған

Атырау облысында маусымнан бері 122 адам пневмониядан қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы тәулікте аймақта вирус 96 адамнан анықталған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда әлдеқайда аз. Алайда облыста өкпесі қабынғандар көбейіп кетті. Маусым айынан бері 122 адам пневмониядан көз жұмған. Ал қазір 5809 адамның өкпесі қабынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір науқастарды орналастыратын орын санын көбейту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
«Бүгінгі күнде біздің облыста 1170 инфекциялық, 783 провизорлық, 1986 карантиндік кереуеттер жасақталған. Соған байланысты, сәуір айынан бастап, инфекциялық кереуеттердің санын 9 есе өсірдік. Провизорлық кереуеттердің санын 3 есе өсіріп, бүгінгі күнде Атырау облысындағы коронавирус індетіне сәйкес, көптеген шара жасақталып жатыр. Әрі қарай осы жағдайда жұмыс жасаймыз деп айтқымыз келеді»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.