«ҚазМұнайГаз» коронавирус пандемиясымен күреске 2,6 млрд теңге бөлді
Оның ішінде Маңғыстау облысына 1,8 млрд теңгеге демеушілік қолдау көрсетті
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңір басшысы Серікбай Трұмовпен кездесіп, ҚМГ кәсіпорындарындағы эпидемиологиялық ахуалды және коронавирустың әрі қарай таралуын алдын алу бойынша компанияның қолға алған шараларын талқылады. Сонымен қатар ҚМГ басшысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өңір тұрғындарына көрсетіп жатқан демеушілік және қайырымдылық көмегі туралы баяндады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
«Біз алғашқы күннен бастап пандемияға қарсы күреске барынша атсалысып келеміз. Компания өз қызметін жүргізетін өңір тұрғындарына қамқорлық көрсетуде. «ҚазМұнайГаз» жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеге, соның ішінде Маңғыстау облысына 1,8 млрд теңгеге демеушілік қолдау көрсетті. Бұл қаражат аса қажетті медициналық құрал-жабдық, реанимобильдер, оттегі концентраторларын және өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға жұмсалды. Сондай-ақ, ҚМГ-ның еншілес компаниялары әкімшілік пен медициналық мекемелерге көлік, жеке қорғаныс құралдарын, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік жинақтарын алып берді. Біз коронавирус індетімен бірлескен күрес барысында дәрігерлер мен жергілікті атқарушы органдарға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деп атап өтті А. Айдарбаев.
Компания басшысы Қазақстанда коронавирус індетінін көз жұмғандардың арасында мұнай саласында қызмет еткен әріптестері де болғанын еске алды.
«Өкінішке қарай, әріптестеріміздің арасында да осы індеттен қайтыс болғандар бар. Бұл жанға бататын ауыр жағдай. Бақилық болған қызметкерлер мұнай-газ өнеркәсібін дамыту мен өркендетуге елеулі үлес қосқан азаматтар еді. Олардың ерен еңбектерін біз ешқашан ұмытпаймыз», – деді Алик Айдарбаев.