$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.07.2020, 20:27
Қоғам

Тоқаев ауруханаларды оттегімен қамту проблемасын шешуге 5 күн уақыт берді

Президент мемлекеттік органдардың жағдайды бақылаудан шығарып алғанын айтып отыр

Тоқаев ауруханаларды оттегімен қамту проблемасын шешуге 5 күн уақыт берді

Пневмония жұқтырып, жағдайы нашарлаған науқастар санының артуы – ауруханаларда оттегінің жетіспейтінін көрсетті. Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке аталған проблеманы жедел шешуді тапсырды.

Коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев оттегі балондарының тапшылығы күн тәртібіне шыққан негізгі проблемаға айналғанын айтып отыр. Оны сатып алу ауруханалардың тікелей міндеті болғанымен, тұрғындар өз қалтасынан шығындалуда.

«Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондарындағы оттегіні пайдалану деректері анықталған. Үкімет пен әкімдер бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен, өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.

«Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары