Бүгін, 09:37
Қоғам

«Соқыр ішегі жарылып, өңешін шірітіп жіберген»: Ақтауда үш ай ауырған балаға дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, ол көз жұмды (ВИДЕО)

Денсаулық сақтау министрлігі тексеру бастады

Осыдан тура үш ай бұрын, 17 қаңтар күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанова 14 жастағы ұлына жедел жәрдем шақырған. Өйткені, ұлы іші ауырып, шыдатпай бара жатқанын айтқан. Алғашқы қараған дәрігер соқыр ішек болуы мүмкін деген күдікпен баланы анализ тапсыруға жібереді. Бірақ, анализдері дайын болған соң, соқыр ішек емес деп үйге қайтарған. Өкінішке қарай, бала тура үш айдан кейін, 13 сәуір күні Алматыда көз жұмған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Зар илеген ана баласы Алматыда ауыр хәлде жатқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрінің атына үндеу жасаған еді.

«Менің атым Жұлдыз Азанова. Балам Исмаил Азанов. Ол 17 қаңтар күні жедел жәрдем арқылы аурухананың қабылдау бөліміне түсті. Бір натрий және глюкоза салып, 3-4 сағат бақылады. Соқыр ішек болуы мүмкін деді. Сол жерде анализ алып, олар дайын болғанда соқыр ішек емес деп бізді үйге қайтарды. Бірақ, балам ауырғанын қоймады. Емханаға да бардым, қайтадан жедел жәрдем шақырып, ауруханаға да бардық. Бізді ешкім қараған жоқ. Бірақ, сол аралықта соқыр ішегі ішінен жарылып, өңешіне инфекция тарай бастаған. Соқыр ішектің іштен жарылып кеткенін тек он күннен кейін 27 қаңтар күні операция жасағанда ғана білді. Ірің бойына тарап кеткен. дәрігерлердің салғырттығынан менің балам өмірімен жауап берді», - дейді қайғыдан қан жұтқан бала.

Жұлдыз Азанованың айтуынша, он күн ішінде жағдайы әбден нашарлаған баласының жүрегі операцияға дейін бір рет, операция үстінде тағы бір рет тоқтаған. Бұдан басқа, Азанова айтып отырғандай, соқыр ішегі ішінен жарылған соң баланың өңеші мен тоқішегі де зақымданған.

«Тоқішегі шіріп кеткен деп оны кесіп тастады, өңеші шіріп кеткен деп оны кесіп тастады. Соқыр ішек екенін 27 қаңтар күні ғана білді. Баламның жүрегі бес рет тоқтаған, бірақ дәрігерлер маған бір рет деді. Неге баланы өлімге итермелеп отыр? Әлде Ақтаудың дәрігерлері өлім санын қолдан көбейтіп отыр ма? Ақтау дәрігерлері емдей алмаған соң баламды Алматыға әкелді. Беті бері қарап, Ақтауға қайтадан бару керек едік, бірақ жағдайы нашарлап кетті», - дейді баласының әлі тірі кезінде үндеу жасаған ол.

Ананың бұл сөздерін Денсаулық сақтау министрлігі мына ресми мәлімдемесі арқылы растап отыр.

«Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысында 2012 жылы туған кәмелетке толмаған пациенттің қайтыс болуына байланысты жан-жақты тексеру жүргізу үшін комиссия құрылып жатыр. Комиссияның құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары — бас мемлекеттік медициналық инспектор, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар енеді. Бала 2026 жылы 19 ақпанда бала әрі қарай ем алу үшін санитариялық авиация арқылы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына түскен болатын. Бірақ, соған қарамастан бала 2026 жылы 13 сәуір күні көз жұмды», - деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Баланың өліміне қатысты басталған тексеру әзірге мынандай қателіктерді анықтаған екен. Дәлірек айтсақ, тексеру барысында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мына әрекеттері белгілі болды:

  • 2026 жылы 17, 23 және 25 қаңтарда бірнеше рет емдеуге жатқызудан бас тартқан;
  • Консилиум өткізбеген;
  • пациенттің жүгіну деректерін толық есепке алмаған;
  • жағдайдың қиын екенін дер кезінде бағалай алмаған;
  • клиникалық хаттамаларды сақтамаған.

Ал, анасы марқұм баланы тіркеу бойынша алып барған Ақтау қалалық №2 емханасында мынандай заң бұзу фактілері анықталған:

  • аурудың анамнезін толық жинамаған;
  • зертханалық-аспаптық деректер есепке алынбаған;
  • диагноздың клиникалық көрініске сәйкес келмеуі;
  • бала бір рет келгенде оны көрместен қағащ жазып берген.

«Тексеру қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға тәртіптік және экономикалық шаралар қолданылды. Материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Облыс прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қалалық №2 емханасына экономикалық санкциялар қолданды», - деп хабарлайды министрлік.

Редакция осы мәселені назарда ұстайды.