Семейде студент жігіт оқуының ақысын төлеу үшін құрылысқа барып, қолынан айырылған (ВИДЕО)
Оқиға құрылыс алаңында болған
Семейде 20 жастағы студент өндірістік апаттың салдарынан қолынан айырылды. Оқиға шамамен бір апта бұрын орын алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасының сайтына сілтеме жасап.
Асылжан есімді жігіт заң факультетінде оқиды, биыл оқуы аяқталатын шақ еді. Ол оқу ақысын төлеу үшін және ата-анасына көмектесу үшін таныстары арқылы құрылысқа уақытша жұмысқа тұрған. Алайда бұл жұмыс оның өмірін күрт өзгертті.
Жігіттің айтуынша, құрылыс басында бетон араластырғышқа тас кептеліп қалған. Ол оны әуелі күрекпен тазаламақ болған, бірақ құрал тасқа жетпеген соң, кішігірім құралмен ішіне кіріп тазалауға тырысқан. Сол сәтте, оның сөзінше, сөніп тұрған техника күтпеген жерден іске қосылып кетіпті. Ол қолын шығарып үлгергенмен, одан кейінгі сәттер есінде жоқ. Ауруханаға ауыр жағдайда жеткен.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың оң қолы қатты жаншылып, шұғыл ота жасалды. Қазір жағдайы тұрақты, бірақ жарақаты ауыр. Жәбірленушіні алда ұзақ емделу мен оңалту кезеңі күтіп тұр, протез де қажет болады.
Жақындары бұл жағдайды ауыр қабылдадық дейді. Олар жігіттің құрылысқа жұмысқа тұрғанын да білмегенін айтады. Отбасының сөзінше, жігіт жұмыс істеген орында қауіпсіздік талаптары сақталмаған, нұсқаулық болмаған. Оқиғадан кейін туыстары құрылыс нысанына барып, басшылықпен сөйлеспек болған, бірақ жауап ала алмапты.
Қазір бұл жағдайды еңбек инспекциясы тексеріп жатыр. Мамандар оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрған. Тергеу кемінде он күнге созылады. Нәтижесі құқық қорғау органдарына жолданбақ.