Бүгін, 11:58
Спорт

Қарсылас шақ келтірген жоқ: Азия Пара ойындарында қазақстандықтар 4 алтын медаль жеңіп алды

Қазіргі сәтте ұлттық құрама қоржынында 31 медаль бар

Қарсылас шақ келтірген жоқ: Азия Пара ойындарында қазақстандықтар 4 алтын медаль жеңіп алды
Фото: Olympic.kz

Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтолқын Сейілбекова пара дзюдодан J1 санатында 70 келіден жоғары салмақта айналмалы жүйе бойынша сынға түсіп, қарсылас шақ келтірген жоқ. Осылайша алтын медаль жеңіп алды.

Зарина Раифова J2 санатында 70 келіден жоғары салмақта айналмалы жүйе бойынша төрт кездесудің бәрінде қарсыластарынан басым түсті.

Тағы бір алтын медальді велошабандоз Наиль Ермұханбет жеңіп алды. Отандасымыз B санатында 20 шақырымды 34 минут 09,17 секундта жүріп өтіп, бірінші орын алды.

Дәл осы сында Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд уақыт көрсеткішімен күміс медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасында Анастасия Калаус В санатында 15 шақырымды 32 минут 21,54 секундта басып өтіп, жеңімпаз атанды.

Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіру сайысында күміс жүлде иеленді. Оның үздік көрсеткіші – 6,30 метр.

Садақ атудан да ел қоржынына алғашқы медаль түсті. Темірлан Сейітқамал және Нұршат Төлеуқасым W1 санатында жұптық сайыста финалға дейін жетіп, онда Қытай құрамасына ғана жол берді. Осылайша отандастарымыз күміс медаль иегері атанды.

Сондай-ақ Махамбет Серікқалиев F53 санатында ядро серпуден 6,81 метр нәтижемен үздік үштікті түйіндеп, қола медальді қанағат тұтты.

Қазіргі сәтте ұлттық құрама қоржынында 31 медаль бар. Оның 9-ы – «алтын», 10-ы – «күміс», 12-сі – «қола».