Бас прокуратура Қазақстандағы iPhone иелеріне шұғыл ескерту жасады
Алаяқтар енді iCloud қоймасы арқылы алдауға көшкен
Қазақстанның Бас прокуратурасы Apple компаниясының iPhone маркалы телефонын қолданатын қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Дереккөзге сүйенсек, алаяқтар фотосуреттер мен видеоматериалдарды сақтайтын iCloud қоймасы арқылы әрекет етіп, халықтың жеке деректеріне қол жеткізіп жатыр.
«Шетелдік дерек көздердің мәліметтері бойынша алаяқтар, яғни, хакерлер iPhone пайдаланушыларына iCloud бұлттық қойманың толып кеткені туралы жалған электрондық хат немесе SMS-хабарламалар жібереді», - деп ескертеді Бас прокуратура.
Бұндай хаттар жаппай келеді. Халықты әдейі қорқыту үшін хаттың ішіне «аккаунт бұғатталады, фотосуреттер мен бейнелеріңіз жойылуы мүмкін» деген үрейлі сөздер жазылады. Тез арада телефоныңызға қосымша жад сатып алыңыз деген хаккерлер сілтеме ұсынып, оны басқан адамдар бірден жеке деректерінен айырылады.
Осыларды ескерткен Бас прокуратура азаматтарға қандай да бір қосымшадан «шұғыл түрде сілтемеге өтіңіз» деген хат келсе, асықпай тексеріп, күдікті сілтемелерді баспау керек деген кеңес айтып отыр.