«Ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз» деп ақбоз атты құрбандыққа шалған «билердің» әрекеті күмән туғызады – депутат

«Билер ұйымының мүшесімін, заңгермін» деп таныстырған адамдар лицензиясыз адвокаттық қызмет көрсетіп жүр, дейді ол 

«Ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз» деп ақбоз атты құрбандыққа шалған «билердің» әрекеті күмән туғызады – депутат
Фото: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Аралбайұлы «билер институты» атын жамылған ұйымдарға қатысты сөз қозғап, қоғамға іріткі салатын, елдің бірлігі мен тыныштығына нұқсан келтіретін ұйымдардың жұмысына құқықтық баға беру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновтың атына жолдаған депутаттық сауалында өзін «би», «ақсақалдар кеңесі» деп таныстыратын кейбір қоғамдық ұйымдардың әрекеті қоғамда алаңдаушылық туғызғанын айтты.

Депутаттың сөзінше, мұндай ұйымдар кейде заңмен реттелетін мәселелерге араласып, өз бетінше «үкім шығарып», тіпті даулы діни-ырымдық әрекеттерге барған. Соның бірі –  «күнәларды кешіру» мақсатында жылқы сойып, оны құрбандыққа шалған сәттің видео қоғамда резонанс тудырған.

Сәрсенғалиев сондай-ақ өзін «би» әрі «заңгер» ретінде таныстырған адамдарға алданып қалған азаматтар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – заңсыз қызмет пен жауапкершіліктен жалтарудың белгісі.

Қазақстанда ондаған «билер ұйымы» бар, олардың мүшелері мыңдап саналады. Бірақ депутат олардың нақты өкілеттігі заңда айқындалмағанына назар аударды.

«Қазір заман басқа, заң басқа. Заң бұзушылық орын алса оны тексеретін, тергейтін құқық қорғау орындары  бар. Тергеудің қаншалықты әділ өткенін қадағалайтын мемлекеттік орган және жұмыс істеп тұр. Іс сотқа жетпей шешілсін дегендерге медиация және бар. Әрі қарай сот үкімі, жаза басқан адамның жазасын өтеу тәртібі бәрі нақты белгіленген. Сондықтан Һәкім Абайша айтқанда «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» – деп әркімнің әртүрлі шешім шығаруын доғаратын кез келді», - деді депутат.

Осыған байланысты ол:

  • «би» атауын пайдаланатын ұйымдарды тексеруді,
  • олардың мемлекеттік органдардың қызметін қайталамауын бақылауды,
  • құқықтық мәселелер бойынша «үкім шығаруына» жол бермеуді ұсынды.

Депутат «әркім өз бетінше би болып кеткен жағдайда қоғамда алауыздық күшейеді» деп ескертті.