Селден қорғауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қаражат бөлінбеген – депутат

Төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің ел бойынша қамту деңгейі шамамен 50,5 пайыз, дейді «AMANAT» депутаты 

Селден қорғауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қаражат бөлінбеген – депутат
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Таулы аймақтарды селден қорғау мәселесін кейінге қалдыруға болмайды. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлінің сөзінше, бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдап, тұрақты жұмыс жүргізу қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Төтенше жағдайлар министрлігінің деректерін талдау барысында бірқатар түйткілді мәселелер анықталғанын атап өтті.

«2021 және 2025 жылдар аралығында территориямызда 17 сел оқиғасы тіркелді. Олардың барлығы залалсыз, «минималды әсер» санатында танылды. Табиғи қауіп-қатердің басты себебі ретінде қарқынды жауын-шашын деп көрсетіледі. Ал, ұсынылған деректер жалпыланған ақпаратты қамтиды. Тәуекелдер ықтималдығы, елдімекендердің осалдығы немесе өзге болжамдар жасауға қажетті егжей-тегжейлі ақпарат жоқ», - деді ол.

Депутат инженерлік қорғаныс инфрақұрылымының жеткіліксіз дамып отырғанын да сынға алды. Оның айтуынша, соңғы жылдары тек бір ғана ірі жоба - Алматыдағы «Аюсай» селден қорғау бөгеті іске қосылған. Бұл сел қаупі жоғары өзге өңірлердің қажеттілігін толық өтемейді.

«Цифрландыруға келсек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» геоақпараттық қызмет көрсетуде, сондай-ақ жергілікті мониторинг жүйелері іске қосылған. Олардан басқа елде жасанды интеллектті пайдаланатын толыққанды алдын-ала болжау, сенсорлық деректерді сараптама модельдермен біріктіру және үлкен деректер жиынтығын өңдейтін жүйелер жетіспейді. Жобалар ауқымы шектеулі және негізінен Алматы қаласын қамтиды. Сонымен қатар, кейбір сенсорлар маусымаралық кезеңде істен шығарылады, бұл үздіксіз бақылау деңгейін едәуір төмендетуде. Сақтансаң сақтайды деген қағиданы еске салғым келеді. Мұндай үнем мен тиімділікті алға тартудың кесірі де тиіп жүрмесін», - деп ескертті ол.

Депутаттың мәліметінше, төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің ел бойынша қамту деңгейі шамамен 50,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштің төмендігі төтенше жағдай кезінде халықтың едәуір бөлігі уақытылы ескерту алмау қаупін арттырады.

«Ақпарат ағынына қақпан жоқ ақпараттық дәуірде осындай сын сағаттарда алыпқашпа әңгіме мен жалған сөз азаматтарымыздың өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Селден қорғауға жүйелі қаржыландырудың жетіспеушілігі де анықталды: соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға мақсатты бюджеттік қаражат бөлінген жоқ. «Mass Alert» жүйесі сияқты заманауи құралдарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда және селге бейім барлық аймақты қамтымайды, ал болжау жүйелерімен интеграция әлсіз», - деп атап өтті ол.

Әбутәліп Мүтәлі халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, Жапония мен Швейцарияда табиғи қауіптерді басқару инженерлік қорғаныс, цифрлық мониторинг және жасанды интеллектке негізделген модельдеу жүйелері арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табиғи тәуекелдерді басқару жүйелі болуы тиіс: мониторинг желісін дамыту, сценарийлерді модельдеу, жасанды интеллект қолдану, тұрақты қаржыландыру және ескерту жүйелерін толық қамту қажет», - деді депутат.

Осыған байланысты ол Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу, қорғаныс инфрақұрылымына аудит жүргізу, ерте ескерту жүйелерін 100 пайыз қамту және жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу ұсынылды.