Шавкат Рахмонов экс-әйелімен неке келісімін жасап, оған бір көлік қана қалдырған

Жарының атында тек жол апатына түскен көлігі ғана болған

Шавкат Рахмонов экс-әйелімен неке келісімін жасап, оған бір көлік қана қалдырған
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандағы аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова бірінші рет сұхбат беріп, екеуінің арасында жасалған неке келісімі жайлы ашық мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy

Ол бұл туралы журналист Руслан Өтепбайдың YouTube-арнасына берген сұхбатында айтқан. Гүлайым Рахмонованың айтуынша, олар 2025 жылдың наурыз айында отбасымен бірге Дубайда демалып жүрген кезде бұл тақырып алғаш рет қозғалған. Көп ұзамай, сәуірде спортшы неке шартын жасауды нақты ұсынған.

Гүлайым Рахмонова бастапқыда бұл ұсынысты әзіл ретінде қабылдаған көрінеді. 

«Бұны естігенде, мен күліп, мән бермедім. Менің атымда ештеңе жоқ қой. Ендеше, тұрған үйімізді маған қалдыр немесе бизнес ашып бер, сонда келісемін. Егер менен қорқатын болсаң, неге бірге өмір сүріп жүрсің?» дедім», –  дейді.

Алайда уақыт өте келе, бұл шешімге Шавкаттың отбасында айтылған әңгімелерге байланысты келуі мүмкін деген ой туа бастаған, дейді экс-әйелі.

«Мүмкін, анасы немесе бауырлары «ертең ажырасса, мүлікке таласады» деген сияқты сөздер айтқан шығар деп ойладым. Ондай жағдай көп отбасында кездеседі ғой. Егер ол мені тек дүние үшін қасында жүр деп ойласа, онда келісімге қол қоя салайын дедім», – дейді ол.

Осылайша, ерлі-зайыптылар неке келісіміне қол қойған. Құжат шарты бойынша, ажырасқан жағдайда әрқайсысы өз атына тіркелген мүлікпен ғана қалады.

«Қазір менің атымда тек бір көлік бар. Оның өзі жол апатына түскен», — деп атап өтті Гүлайым.

Айта кетейік, бұған дейін наурыз айында Гүлайым әлеуметтік желіде ажырасып жатқандарын айтып, Шавкат Рахмонов балаларынан бас тартты деген ақпарат таратқан болатын. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр.